Үндістанның Пуна қаласы маңында орналасқан химиялық зауыттан алапат өрт шықты. Қызыл жалыннан 18 адам қаза тауып, бірнеше адам жоғалып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өрт дезинфекция зауытын шарпыған. Қайғылы оқиға орын алғанда ғимаратта 37 адам жұмыс істеп жатқан. Оның 20-сы эвакуацияланған. Алдын ала ақпарат бойынша, өрттің шығуына электр қуатынан шыққан ақау себеп болуы мүмкін. Тілсіз жауды сөндіруге 8 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылған.
Бұл оқиғаға байланысты Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді.
«Махараштра штатының Пуна қаласындағы зауытта өрт салдарынан болған адам шығыны үшін қайғырып отырмыз. Құрбан болғандардың отбасына көңіл айтамын», деді ол.
Сондай-ақ Нарендра Моди мемлекет тарапынан қаза тапқандардың туыстарына 200 мың рупий, ал зардап шеккендердің әрқайсысына 50 мың рупий берілетінін айтты.
Жансая Мұратбек