Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау қызметінің полковнигі Дмитрий Растихиннің айтуына қарағанда биыл жыл басынан бері өңірімізде 327 өрт болып, соның салдарынан 31 адам ажал құшып, 34 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алған, деп хабарлайды Egemen.kz
«Өрттің негізгі себептері – оттың қауіпсіздігін сақтамаудан туады. Электр жабдықтарын пайдалану тәртібін орынсыз бұзу, пешпен жылытудан сақтық шараларын сақтамау да өртке соқтырып жатады», дей келіп Д.Растихин өрт шығудың қазіргі жаздың ыстық күндеріндегі бір себебі – теректің мамығы болып отырғанын жеткізді.
Тек соңғы күндері ғана теректің мамығын жағудан 50-ден артық от тұтанған. Оның ішінде 2-уі үлкен өртке ұласып, тұрғын үй мен шаруашылық құрылысын шарпыған. Соның тішінде соңғысы түгі қалмай жанып кеткен.
Жиналып қалған терек мамығын жағуға жас балалар құмар. Олар өздерінің қылығы үлкен шығынға, тіпті адам шығынына ұшырататынын ойламай, мамықтың жанғанын қызықтайды. Ал кенеттен туған жел отты тұрғын үйлерге жеткізетінін ойламайды. «Осы күндері өрт сөндіруге шақырған қалыптағы дабылдар күніне бірнеше есе артып тұр. Статистика бойынша шыққан өрттердің үлкен бөлігі терек мамығын жаққаннан тұтанғандар. Мамық бірнеше секундта ғана үдеп құрғап тұрған ағаш құрылыстарды шарпып, үлкен өрттерге соқтырады. Сондықтан ата-аналар балаларына отпен ойнауға болмайтынын үнемі ескертіп отырулары керек», деді Д.Растихан.
Әкімшілік кодекс 16-ға толмаған балалардың жауапкершілігін қарастырмаған. Оларды тек кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекция есепке алады. Ал бар шығынды ата-аналары төлейді. Әрбір ата-ана осыны ескергені жөн.