• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 09 Маусым, 2021

Бастауыштың бағбаны

396 рет
көрсетілді

Бүгінде алты жасар баласының болашағын ойлаған ата-ана алдымен мұғалім іздейтін болған. Мектеп туралы мәліметке сырттай қанығып, бастауыш сынып мұғалімдері жөнінде көбірек білгісі келеді. Баланың білім жолындағы алғашқы күнінен бастап алар сауатының сапасы мен тәлім-тәрбиенің маңызы ерекше екені мәлім. Осы орайда «Розаның сыныбына қабылданса екен» дейтін шымкенттік ата-ана көп.

Өмір есігін ашқаннан, ақ халатты абзал жандардың жасаған көмектері оң нәтиже бере қоймаған Роза мүм­кіндігі шектеулі балалардың бірі болды. Бұл қиындыққа мойымады, қайта қатарынан қалмауға, алды болуға тырысып, биікке ұмтылды. «Өмірдің әрбір табалдырығы жаңа орта: мектеп, жоғарғы оқу орны, қызмет орны. Әрбір жаңа орта – мен үшін үлкен күрес. Мен ешкімнің аяп, мүсіркеп қарағанын ұнатпадым. Көп ізденіп, өз еңбегіммен жеке тұлға екенімді дәлелдегім келді. Осы талпыныс мені бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие ұстаз болуға жетелеп отырды. Өмірімде үлкен қуа­нышым Еркежан есімді қызым бар. Алла бұйырса, биыл жоғары оқу орнын аяқтап, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болады. Қазіргі мектеп – мәдениеттің, білім мен тәрбиенің ошағы, оқушының жеке тұлға болып функционалды сауатты қалыптасуына, оның сана-сезімін жаңа деңгейге жеткізуіне мүмкіндік жасайтын үздіксіз білім беретін кешенді орта. Осы ортаның дұрыс жолын салып беретін ұстаз. Ұстаз! Бұл қасиетті сөзді естігенде өзіме қандай жауапкершілік жүктелгенін шын жүрекпен сезінемін. Өйткені алдымда отырған әрбір бала үшін мен жауаптымын. Ал шәкірт үшін ұстаздан асқан ақылды, білімді адам болмайды. Кез келген адам мұғалім мамандығын алып шығуы мүмкін, бірақ нағыз ұстаз болу үшін үлкен еңбек пен төзімділік қажет», дейді ұлағатты ұстаз.

Иә, 1992 жылдан бері, яғни бас­тауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп жүргеніне 30 жылға аяқ басқан Роза Керімбекова қаншама баланы бірінші сыныпқа қабылдап, білім нәрімен сусындатты. Әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – ұстаздың міндеті. «Әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған балалар таза ақ парақ секілді. Оған не жазсаң, соны оқисың. «Не ексең, соны орасың» дейді халық даналығы. Біздің еңбегіміз алдымызда отырған оқушыларымыздың білімділігі мен тәрбиелілігі арқылы байқалады. Күнделікті мектепке қуанышпен, шат күлкімен келген бақытты бүлдіршіндердің жүзін, олардың білуге, жауап беруге талпыныстарын көру, асығып жарыса қол көтеруіне куә болу – мен үшін үлкен ғанибет. Бала ұстаздың бойындағы сүйіспеншілік пен шынайылықты тез сезеді. Өзінің сенімді ақылшысының айтқанын бұлжытпай орындайды. Тіпті сенің айтқандарыңды қайталап, саған ұқсағысы келеді. Мүмкін ұстаз бақыты деген осы болар», дейді Роза Аршабайқызы. Шәкірттеріне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығатын, яғни бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру қажет деп санайтын Роза Керімбекова шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа формацияның жаңашыл ұстазы. Шымкент қаласындағы М.Х.Дулати атындағы №8 маман­дандырылған гимназия – қаладағы дарынды балаларды үш тілде оқытатын бірден-бір заманауи білім мекемесі. Кейіпкеріміз осы ги­мназия­да қаншама баланың сауа­­тын ашты, 2004-2010 жылдар аралығында «Бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің» жетекшісі болды. Қазір осы бірлестіктің менторы. Әріптестеріне қолынан келгенше әдістемелік көмегін беріп, үйретуден жалыққан емес. Өзі де әрдайым ізденіс үстінде, шығармашылығын дамытып отырады. Ізденімпаз мұғалім республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын, оқушыларды ғылыми зерттеу жұмыс­тарына, пәндік олимпиада­ларға дайындағаны үшін Алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталған. Креативті ойын дамытып, шығар­машылық жұмыстармен айналысу барысында халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық басылымдарда көптеген мақаласы жарық көрді. Бұл еңбектері де жоғары бағаланып, І дәрежелі диплом алды. «Ұстаздың еңбегінің жемісі, ол шәкіртінің жеңісі» демекші, мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттері. «Менің шәкірттерім білім деңгейін шыңдау мақсатында қалалық «Алтын ұрпақ», «Алтын қыран», «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурстарына, математикалық «Самұрық», халықаралық «ПОНИ» интеллектуалдық сайыс­тарына, тағы басқа түрлі пәндік олимпиадаларға, байқауларға қатысып, бас жүлделерді еншілеп келеді. Әр оқушыма өзім үлгі болып, бойындағы табиғи дарынын ашуға, болашақтарына жол сілтеуге, жеке тұлға болып қалыптасуларына бар күшімді салып, аянбай еңбек ете беремін. Абырой қажырлы еңбек пен көп уақыт бөлуді талап ететіні анық. Десе де, еңбегім еш кеткен емес. Шәкірттерім әрдайым жүлделі орындарды иеленіп, еңбекке деген құлшынысым арта түсуде», дейді Р.Керімбекова.

Еселі еңбегінің тағы бір жемісі – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануы. «Бұл тәуелсіз еліміздің туын асқақтатар және де елім, жерім дейтін жастарды қолдайтын жоба. Жасыратыны жоқ, жобаға қатысып, жеңімпаз болу маған үлкен рухани байлық, серпіліс берді. Біздің мемлекет жас­тарды қалай қолдап жатқанына куә болдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жастармен танысу менің бойымда ерекше сезім қалдырды. Бұл жобадан алған әсерімді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміздің әр саласынан түрлі жобаларды ұсынып отырған жастарды, өзім секілді тұлғаларды көргенімде көкірегімді қуаныш кернеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әр ұлттың бетке ұстар қаймағы болады. Ұлтты елге танытатын, өркендететін де нағыз сіздерсіздер!» деп жоба жеңімпаздарына жоғары баға беруі қатысушылардың бойындағы ұм­тылысты, болашаққа деген сенім мен құштарлықты одан әрі қанаттандыра түскеніне сенімім мол. Жобаның жеңімпазы болу – өте үлкен мәртебе! Менің ұстаздық еңбек жолымдағы қызметімді бағалап, дауыс беріп, шынайы қолдау көрсеткен әріптестеріме, халыққа алғысымды білдіремін!», дейді Роза Аршабайқызы ағынан жарыла.

Түркістан облысы, Төле би ауданында дүниеге келген Розаның ата-анасы да өмірін бала оқытуға арнаған жандар. Әкесі Аршабай – тарих пәнінің, анасы Әнипа – баста­уыш сынып мұғалімі. «Тәрбие басы – талбесіктен» демекші, әке-шешесін үлгі тұтып мұғалім мамандығын таңдапты.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» ауқымды жобасының ІV мау­сымы кезеңінің жеңімпазы Роза Керімбекова бүгінде латын әліппесін мектеп табалдырығын аттаған жеткіншектерге үйретіп, осы бағытта тиянақты іс-шаралардың ұйытқысы болуды мақсат етіп отыр.