• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2021

Сарапшылар «Қазақстан жастары - 2021» ұлттық баяндамасының жобасын талқылады

459 рет
көрсетілді

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасының мазмұндық бөлігіне сараптамалық талқылау жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талқылау жастар ортасындағы жағдайды жан-жақты талдауды, соның ішінде ашық қоғамдық пікірталастар өткізуді қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.

Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың басшылары қатысты. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының, «Nur Otan» Қоғамдық саясат институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші сарапшылары да өз пікірлерін білдірді.

«Бүгін біз мемлекеттік дамудың маңызды аспектілерінің бірі – жастар саясаты саласын талқылаудамыз. Биылғы Ұлттық баяндама Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ескеріле отырып дайындалатын болады. Осы орайда жыл соңына дейін жастардың бірінші кезектегі қажеттіліктерін, мүдделері мен сұраныстарын анықтауға мүмкіндік беретін тыңғылықты ғылыми жұмыс күтіп тұр», деді өз сөзінде «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма Төрағасы Асылбек Есенбаев.

Ағымдағы жылы Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ескере отырып дайындалады, онда қазіргі жастардың Тәуелсіздік құндылықтары туралы көзқарастары көрініс табатын болады. Қазақстандық жастардың әлеуметтік жағдайы туралы сапалы деректерді анықтау мақсатында әлеуметтанулық зерттеулер мен сарапшылық және ғылыми қоғамдастықпен ашық талқылаулар өткізіледі деп жоспарлануда. Ұлттық баяндаманы қалыптастыру барысында әзірленген ұсынымдар мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың маңызды практикалық құралына айналады.

«Қазақстан жастары – 2021» Ұлттық баяндамасында Тәуелсіздік ұрпағының портреті жасалмақ. Біз қазіргі қазақстандық жастардың болашағы, олардың бүгінгі мүдделері мен негізгі қажеттіліктері туралы көзқарастарды зерттейміз», деп атап өтті «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев.

Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар алдағы уақытта жүргізілетін ғылыми жұмыс жас ұрпақтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін, сондай-ақ жастар саясатын талқылау кезінде ескерілуі тиіс негізгі трендтерді, қызығушылықтар мен сұраныстарды анықтауға мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді.

Еске сала кетсек, 2013 жылдан бастап «Жастар» ҒЗО жыл сайын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлеп келеді. Баяндама қазақстандық жастардың тыныс-тіршілігінің негізгі салаларындағы жағдайына жан-жақты талдау жасалынады. Бұл ғылыми жұмыстың басты мақсаты мемлекеттік жастар саясаты жүйесін жастардың өзекті сұраныстары мен мүддесіне әдістемелік қолдау және бейімдеу болып табылады.