• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Маусым, 2021

Солтүстік – «жасыл аймақта»

392 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы 3 маусымнан бастап «жасыл аймаққа» өткен болатын. Қазір өңірдегі індеттің таралуы қалыпты жағдайда. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, сырқаттанғандар саны тәулігіне 10 шақты адам төңірегінде.

Жалпы облыста осы күнге дейін індет жұқтырған 14 918 адам тіркелген. Со­ның ішін­де 443 сырттан келген адамдар ара­сынан шыққан. Барлық сырқаттың 9 463-інде ауру белгілері болған, ал 5 455-інде белгі болмаған. Бойынан індет табылған адамдардың 60 пайызы медициналық көмекке өздері жүгінген адамдар. Қалғандары сырқаттармен байланыста болғандар арасынан және профилактикалық тексерулер кезінде анықталған. Соңғы кездердегі біршама көп тіркелу жағдайы 6 маусымда болды. Бұл күні 13 адамның бойында індет бары анықталды. Соның 10-ы Петропавл қаласының тұрғындары. Ал Айыртау, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарынан бір жағдайдан тіркелді.

Індетке қарсы вакцина ектірген адамдар саны да артып келеді. 7 маусымдағы мәлімет бойынша 77 мыңнан артық адам вакцинаның бірінші, 42 638 адам екінші компоненттерін ектірді. Қазір облыста вакцина жеткілікті дәрежеде және 3 түрі бар. Оның ішінде отандық вакцина да жеткілікті көлемде жеткізілген.

Жағдайдың тұрақталуына байланысты бірқатар шектеу шаралары да алынып тас­талды. Мәселен, концерт залдарында 30 пайыздық толықтырулармен мерекелік шаралар өткізуге рұқсат етілді. Қоғамдық моншалар мен сауналардың жұмысына шектеу қойылмайтын болды. Аквапарктер мен компьютер залдарының, сауықтыру лагерьлерінің жұмысына рұқсат берілді. Дегенмен бетперделік режімнен құтылуға әлі ерте. Барлық қоғамдық ұйымдар мен дүкендерге бетпердесіз кіруге болмайды. Мемлекеттік кәсіпорындарда вакцина ектіру ашық талап етіле бастады. Халық бұған түсіністікпен қарауда.

Солтүстік Қазақстан облысы