Нұр-Сұлтанда тұрмыстық зорлық-зомбылық төмендеп, қылмыстың ашылу көрсеткіші жақсарды. Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша қылмыстарды тіркеу шамамен 40%-ға төмендеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша алдын алу жұмыстарының күшеюі нәтижесінде мас күйіндегі қылмыстар 37,7%-ға төмендеген. Қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 40,2%-ға азайды.
«Пандемия жағдайында халықтың өмір салты түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік байланыстардың төмендеуі, қаржылық жағдайдың нашарлауы адамдардың психологиялық жағдайына теріс әсер етті. Маскүнемдік салдарынан отбасылық және өзге адамдармен қақтығыстар туындады. Біз есепте тұрғандармен (маскүнемдер – 1 081, нашақорлар – 400, отбасылық жанжалдар – 3388) профилактиканы күшейттік, маскүнемдік (183) және нашақорлық (72) бағыты бойынша жұмысты жалғастырудамыз», деп мәлімдеді Арман Айтмағамбетов.
Оның айтуынша, тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін 849 адам жауапқа тартылып, жәбірленушілерді қорғау үшін 3388 қорғау ұйғарымы шығарылды. 275 әйел дағдарыс орталығына орналастырылды. Отбасылық жанжалдар бойынша 102 нөміріне түскен қоңырауларды өңдеу тәжірибесі енгізілді. Осылайша, учаскелік инспекторлардың жұмысына бақылау күшейтілді.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен және проблемалы отбасыларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. 203 адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгіленген, оның ішінде 160-ы алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынған. Мінез-құлқына байланысты қойылған ерекше талаптарды бұзғаны үшін 203 адам жауапқа тартылды», деді ведомство басшысы.