2024 жылға дейін ақылы жолдардың санын 11 мың шақырымға жеткізу жоспарда бар. Соның ішінде биыл I санаттағы жолдардың бес учаскесінде жол ақылы болады. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ төлем алынатынына сай жолдар тегіс, қауіпсіздігі жоғары болады деп сендіріп отыр.
Алыс жолға қатынайтын жүргізушілер ақылы жүйеге наразылығын білдірсе де «QazAvtoJol» ҰК» АҚ «жолмен кім көп жүреді, сол оның күтіп-баптауына да ақы төлейді» деген қағиданы берік ұстанған тәрізді. Олардың мәліметінше, жаңадан іске қосылатын ақылы учаскелердің төлемі бұрын пайдалануға берілген төрт ақылы жол: Нұр-Сұлтан – Щучье, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас автомагистралінің төлемақысына сәйкес есептеледі. Қазіргі төлем мөлшерлемелері 2013 жылы енгізіліп, содан бері өзгермеген көрінеді. Алдағы уақытта тарифті қымбаттату да ойда жоқ.
Сонымен, ақылы жолдармен жүретін жүргізушілерден қанша ақша ұсталады? Бұл жерде төлемақы көліктердің түріне байланысты. Айталық, жеңіл көліктер үшін жолдың 1 шақырымы – 1 теңге. Егер көлік сол ақылы учаскенің аумағында тіркелген болса, онда автокөлік иелеріне құны 1 мың теңгені құрайтын бір жылдық абонемент бар. Автобустарға бөлек тариф қарастырылған. Ол жолаушылар отыратын орын санына қарай есептеледі: 1 шақырымы – 5 теңгеден 15 теңгеге дейін. Алайда қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемақыдан босатылған. Ал жүк көліктеріне арналған тариф оның жүк көтергіштігіне байланысты 1 шақырымы 5 теңгеден 25 теңге аралығын құрайды.
Баспасөз хабарламасында жолдардың ақылы болуына байланысты жол бойындағы инфрақұрылым да жанданатыны айтылған. «Бұл сервистік қызметтер жүргізушілер мен жолаушылардың қолайлылығы үшін салынады. Учаскелерде демалыс алаңдары, тұрақтар, қонақүйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар пайда болмақ», делінген баспасөз мәліметінде.
2024 жылға дейін республикалық маңызы бар автожолдар мен ақылы учаскелердің бойында 134 кешен салу үшін GasEnergy, «ҚазТрансГаз», Compass, Sinooil, PetroRetail мен «М-36» желілік жанар-жағармай құю бекеттерімен келісімдер жасалыпты.
Еске сала кетсек, биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (Қайнар – Тараз, Тараз – Шымкент, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Ташкент), Щучье – Көкшетау, Қапшағай – Талдықорған (Талдықорған қаласының айналма жолы), Нұр-Сұлтан – Павлодар, Ақтау – Жетібай – Жаңаөзен және Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларының айналма жолдары ақылы болады.
Қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы аталған учаскелерге қызметтік сапарлар ұйымдастырып, олардың сапасын тексеріп жатыр. Ал жол ақысы учаскенің жағдайы техникалық санатқа толық сай келгенде ғана алынады.