Қазақтың салт-дәстүрінде келіннің мойнына артылған міндет көп. Тұрмыстағы шаруасынан бөлек, мінез-құлқына, киім киісіне дейін көңіл бөлген елміз. Заманның дамығанына қарай ма, кім білсін, ықылым заманнан бері келе жатқан тәп-тәуір дәстүрлерімізді кей-кейде ескермей жатамыз. Қазақ ғұрпын ұмытпау үшін, керісінше ұлықтау үшін Ұлан ауданында «Аяулы жас келін-2021» облыстық байқауы өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата дәстүрден алыстамау. Ата дәстүр демекші, Дидахмет Әшімхановтың «Сары самауыр» деген әңгімесі ойға оралды. Әңгімеде әдет-ғұрып түгілі, үйдің тірлігіне икемі жоқ жас келін сонау атадан балаға мирас болып келе жатқан самауырдың кеңірдегін қызыл шоқпен кептей берген. Сөйтіп жүріп ауызүйге кіріп боянған, кірпігін түзеген, қасын жұлған... Сол екі арада самауырдың суы сарқылып бүйірі балқып кеткен екен. Бұл жерде жазушының айтпағы, қазақы дәстүрімізді сары самауырдай жоғалтып бара жатқандығымыз еді. Заманның ағымына қарай ата-салтты түп-тамырымен қайтармасақ та «Аяулы жас келін» дегендей байқаулар керек-ақ.
– Алдын ала іріктеу кезеңі аймақтың әр қаласы мен аудандарында өтті. Содан суырылып шыққандар облыстық деңгейде өз аудандарының намысын қорғайды, – деді ШҚО жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Бірнеше кезеңнен тұратын байқауға Шығыс Қазақстанның әр ауданынан он алты келін қатысты. Бәрі барынша салт-дәстүрден алыстамағандықтарын дәлелдеді. Алғашқы кезеңде келіндер бауырсақ пісіріп, шай қайнатып, дастарқанды жайнатып жіберді. Әділқазылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Ас адамның арқауы» атты бөлімінде қазылар алқасын қазақ асханасында ұмытылып бара жатқан тағамдарды дайындап таң қалдырды. Сондай-ақ қазақы келінге тән өз өнерлерін де көрсетті.
Байқау бір күндік болғанымен, келіндер жыл көлемінде дайындалды. Сайыс болғандықтан, бірі-бірінен басым түсуі заңдылық. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Аягөз ауданының келіні Еркежан Вадинова қанағат тұтты. Екінші орынды Шемонаиха ауданынан қатысқан Жания Хисабек еншіледі. Ал Шығыс Қазақстан облысының «Үздік келіні» атағына үржарлық Талшын Юсупахунова ие болды. Олардың барлығы арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетсек, байқауға қатысушылар үй шаруасымен ғана айналысып қоймай, әртүрлі салаларда еңбек етеді. Бірі мұғалім болса, енді бірі – дәрігер. Арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар еді.
Шығыс Қазақстан облысы