Әйгілі Әмен Қайдаровтың туған күнінде «Қазақфильм» киностудиясы маңызды оқиғаға мұрындық болды. Ұлттық мультипликациямыздың негізін қалаушының немересі Данияр Хасанов Ш.Айманов атындағы Қазақ киносының мұражайына аты аңызға айналған атасының жеке құжаттары, бұйымдары мен мемлекеттік марапаттарын тапсырды. Іс-шараға әр жылдары киностудияда мэтрмен бірге жұмыс істеген анимация ардагерлері қатысты.
– Қазақ анимациясының жандануы мен дамуы Әмен Қайдаровтың есімімен тығыз байланысты. Әмен Әбжанұлының әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ көптеген жас киногер оны әрқашан үлкен құрметпен, жылы ризашылықпен еске алады. Отбасылық мұраларды сыйға тарту – бұл таңғаларлық игі іс. Сондықтан мен Әмен Әбжанұлының отбасына үлкен алғысымды білдіремін. Қазақ киносы мұражайының қорын толықтыра алатын басқа кино қайраткерлерінің туыстары мен жақындарына сізді үлгі еткім келеді. Біздің мақсатымыз – ұлттық кинематографқа байланысты баға жетпес мұрағаттық экспонаттарды, оның бірегей тарихын сақтау, – деді вице-президент Айдархан Әділбаев.
– Әмен Әбжанұлының есімін ардақтағандарыңызға мың алғыс! Ол киностудияны өте жақсы көретін және қазақ анимациясымен байланысты барлық дүние «Қазақфильмге» тиесілі екенін жиі айтатын, сондықтан да отбасымызбен оның заттарын киностудия жанындағы Қазақ киносы мұражайына беруге шешім қабылдадық. Бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін де өте маңызды, – деді немересі Данияр Хасанов.
Сондай-ақ мұражайға Әмен Әбжанұлының қылқаламынан шыққан Кәрім Қайдаровтың (Ә.Қайдаровтың ұлы) портреті тапсырылды.
Көзкөргендер 1948 жылы студент кезінде танысқан Әмен мен Валентина Қайдаровтардың махаббат хикаясына қанық болса керек. Ұлттық студияға Әмен Әбжанұлының жұбайы – Валентина Қайдарованың медальдары мен құжаттары тұрақты сақтауға берілді. Әріптестері Валентина Константиновна Әмен Әбжанұлы үшін ең үлкен махаббат пен адал дос қана емес, сонымен бірге жанқиярлық көмекші, әрине сосын музасы болғанын еске алды.
Әмен Қайдаров Алматы көркемсурет училищесінде, Валентина Константиновна ҚазМУ-дің филология факультетінде оқиды. Оларды Әмен Әбжанұлының апасы – Райхан таныстырады. Үш жылдан кейін олар отау құрып, аниматор қайтыс болғанға дейін 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүреді.
АЛМАТЫ