Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері бірнеше мәрте мал ұрлаған барымташыларды қолға түсірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі ер адам өңір аумағында мал ұрлығымен айналысқан.
Осы уақытқа дейін олардың 3 қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Аягөз және Тарбағатай ауданының 22 жастағы екі тұрғыны ұсталды.
Олар түнгі уақытта жайылымынан бірнеше мәрте қой ұрлаған.
«Күдіктілер мамыр айында 9 бас қойды ұрлаған. Егер тәртіп сақшылары барымташыларды уақтылы ұстамаса, бұл сан әлдеқайда көп болушы еді. Қазіргі уақытта екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олар 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деді ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Шаяхметов.