Аризонада орман өрті дес бермей тұр, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл жайында «Хабар 24» сайтында жазылды.
Штат губернаторы аймақта төтенше жағдай режимін жариялады. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 1600 маман жұмылдырылды. Гила мен Пинал округінде 3 мың отбасы қауіпсіз жерге көшірілді.
«Бұндай ауқымды эвакуациялау шарасы бұрын-соңды болмаған», - дейді мамандар. Қызыл жалын 6 мыңға жуық гектар жерді тып-типыл еткен. Өртті ауыздықтауға ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Қазір аймақта қатты жел. Жергілікті билік «апатпен күрес жұмыстарына арналған қаржыны арттыру керек», дейді.
- Алапат орман өрті қаулап барады. Тілсіз жау 6 мыңға жуық гектар жерді күлге айналдырды. Бұл Чикаго аумағындай жер. Мыңдаған адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Құтқарушылардың жұмысы қауырт. Өрт өшсе де, жауын-шашын маусымы кезінде бұл жерде сел басталу қаупі бар. Сондықтан тасқынның алдын алу үшін өртті тез арада ауыздықтау керек. Ол үшін қосымша қаражат қажет, - дейді губернатор Даг Дьюси.
Естеріңізде болса, Аризона штатында орман өртінен мыңдаған адам эвакуациялануы мүмкін екендігі жайында бұрын хабарлаған едік.