Елордада Президенттік жастар кадрлық резерві форумы басталды. ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құрметті достар! Баршаңызды Президенттік жастар кадрлық резерві форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктердің басқосуы. Мен жас ұрпақтың елдік мүддеге берік, мемлекетшіл тұлға болып өсуіне баса мән беремін. Білімді де білікті, белсенді әрі отаншыл өрендерге жол ашу – маңызды міндеттердің бірі. Біз олардың жауапты қызмет атқарып, шыңдала түсуіне толық жағдай жасаймыз», делінген Президент құттықтауында.
Президент мемлекеттік басқару ісіндегі сабақтастықты сақтай отырып, басшылардың жаңа шоғыры қалыптастырылатынын, сол үшін арнайы құрылған комиссия конкурс жариялап, аңдаулы 300 адамды іріктеп алғанын еске салды.
«Мен байқау жеңімпаздарымен былтыр қаңтар айында кездестім. Алдағы міндеттер туралы ойымды ортаға салып, бағыт-бағдар бердім. Содан бері көпшілігіңіз түрлі лауазымға тағайындалдыңыздар. Биыл араларыңыздан Мәжіліске екі депутат сайланды. Сонымен бірге, екі азамат Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болды. Өңірлерге барып еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерді де білемін. Жас мамандардың елмен етене жұмыс істеуі – құптарлық қадам. Себебі бұл – нағыз өмір мектебі», дейді Мемлекет басшысы.
Қ. Тоқаев жастардың жан-жақты ізденіп, ауқымды бастамалар мен нақты жобалар ұсынғанын атап өтті.
«Мұның бәрі жас өркенің әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Президенттік кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мәнінде ең үлкен мәртебе де, абырой да осында. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, санасы ашық азаматсыздар. Қазақстанды одан әрі өркендеру – өздеріңізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда өскелең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Форумның жұмысы табысты болсын», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.