• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Маусым, 2021

Аш адамдарды алалау

947 рет
көрсетілді

Ел ішін жаппай аштық жайлаған қаралы жылдардан қалған архив құжат­тарында, әсіресе көшпелі қазақ ауылдарының ауыр жағдайы туралы деректер жиі кездеседі. 1921 жылдың соңына таман  қалалар мен іргелі елді мекендерде аш-жалаңаш жұртты тамақтандыру, халыққа азық-түлік үлестіру сияқты шара­лар ұйымдастырыла бастағанымен, қырдағы қазақ ауылдары мұндай шарапат­тан мүлдем шет қалып отырған.

Аштарға көмек комиссиялары

Орталық партия комитетінің мәжілі­сін­де баяндама жасап, жаппай аштан өліп жатқан халыққа көмек көрсетуді талап еткен сол кездегі Қазақстан ОАК төраға­сы Сейітқали Меңдешевтің: «Қыр­дағы қазақтар өз қыстауында үй іші, бала-шағасымен бірге қыры­лып жатыр», деген бір ауыз сөзінен-ақ зұл­мат ке­зеңнің көшпелі қазақ ауылдарына әкел­ген қасіретінің қаншалықты ауыр болғанын аңғаруға болады.  

С.Меңдешевтің баяндамасынан кейін 1921 жылы Қазақ ОАК жанынан аш-жалаңаштарға көмек көрсету жөнін­дегі орталық комиссия құрылады. Ол 1921 жылдың 15 шілдесінен бастап жұмысқа кіріседі. Аш халыққа көмек қолын созу жөніндегі төтенше комиссия Қостанай өңірінде губерниялық азық-түлік комитетінің жанынан 1921 жылдың 1 желтоқсанында ғана құрыл­ған. Артынша мұндай комиссиялар бар­лық аудандық және болыстық азық-түлік комитеттерінде пайда бола бас­тады. Аштыққа қарсы күрес жөніндегі губерниялық төтенше комиссияның 1921 жылдың 28 желтоқ­санындағы нұсқау­лығына сәйкес өңірдің барлық аудандары мен жекелеген поселкелерінде тәулігіне кемінде 100 адам жүрек жал­ғайтын қоғамдық тамақтану орындары ұйымдастырылды. Мұндай ашық ас­ханаларға қажет жабдықтар мен отын-су ерікті немесе мәжбүрлі түрде жи­­налып алынды. Мысалы, әрбір диір­мен иесі мен май шайқаушыға ашық­қандарды күн сайын тамақтандыру, ал тұрақты сауда ләпкесі барларға бір-бір аш адамнан бағу міндеттелді. Мұн­дай қамқорлыққа алынған аш-арық­тар комиссия ережесіне сәйкес өзін тамақ­тандырушының нұсқауы бойынша әліне қарай шаруашылық жұмыстарын атқаруы тиіс болды. Аудандық және бо­лыс­­тық комиссия әр айдың біріне қарай асханадан тамақтанатын және тұр­ғындардың қамқорлығына алынған аш-арықтың тізімін алып отырды.

1922 жылдың 5 қаңтарында Қостанай губерниялық әскери комиссариаты жанынан аштарға көмек көрсету жөніндегі әскери комиссия құрылып, әскери қыз­метшілердің азық-түлік пәйегі мен жа­лақысының кем дегенде 10%-ы аш-жа­лаңаштарға аударыла бастайды. Бұл ко­миссия ең бірінші кезекте Бірінші дүниежүзілік және азамат соғысының мүгедектері мен олардың отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салды. Әскери комиссия аштарға тұрақты түр­де көмек көрсетумен қатар, губерния аума­ғындағы барлық әскери бөлімше мен мекеме бастықтарына жедел түрде сен­біліктер ұйымдастыру, гарнизон моншаларын азаматтарға ақылы түрде ұсыну, қоғам­дық және қызметтік тәртіп бұз­ған­дардан аштардың пайдасына айып­пұл алу, тізім бойынша ерікті садақа жинау, қайырымдылық кештер мен кон­­церттер, дәрістер ұйымдастыруды тап­сырды. Бұдан түскен қаржы түгелдей аш­­тарға көмек қорына аударылып отыр­ған.

Соған қарамастан, 1922 жылдың басына қарай аш-арықтар мен аштан өлгендер саны күрт өсіп кетеді. Өйткені аштарға бөлінген көмек әу баста губернияға әр 10 күн сайын келіп тұруы тиіс деп жос­парланғанымен, азық-түлік түрлі себеп­термен кешігіп, уақтылы жетпей қалған. Мәселен, архив құжаттарында Мәскеуден аш-жалаңаштарға деп жібе­рілген нанды жолшыбай Саратов, Самара, Челябі мекемелері талап алғаны немесе ұрланғаны туралы мәліметтер сақталған. Осылайша, аштан өлгендер саны күн санап артып, ел ішін сүзек ден­деп, оған қаңтардың үскірік аязы мен қарлы бораны қосылып, нәубеттің ауқы­мын кеңейтіп жіберген.

Аудандық және болыстық төтенше комиссияның есеп құжаттарында халық­тың тамыр мен шөпті азық етіп, кейбір болыстарда ит пен мысық қалмағаны, адамдар тулақ қайнатып, сорпасын ішіп жатқаны, ел ішінде кісі­жегіштер шыға бастағаны туралы мәліметтер кездеседі.  

Көрнекті ұлт қайраткері Смағұл Сә­дуақасұлының «Қостанай – Торғай» атты мақаласында Тобыл-Торғай өңірін­дегі аштыққа қарсы күрес жөніндегі ко­мис­сияның жұмысы ашық сыналады. Автордың «...Жүсіпбек Аймауытов соңғы бір мақаласында Орынбор азаматтарына «аштардың жанына барыңдар» деп ақыл берді. Жанына барғанмен, біздің әдемі көзіміз ашқа тамақ болатын көрінбейді», дегенінен сол кездегі ұлт жанашырларының нәубет жайлаған өңір­лерге барып, ел ішін аралап, қолдан келгенінше аштарға көмек көрсетуге күш салғандығы аңғарылады. 1921 жы­лы Орталық атқару комитетінің тапсыр­масымен Тобыл-Торғайға келген Смағұл Сәдуақасұлының өзі де елді аралап, гу­берниялық төтенше комиссияның жұ­мысымен танысады. Осы сапарынан көрген-түйгендерін көлемді мақалаға арқау еткен қайраткер аштыққа қарсы өңір­лік комиссиялардың қазақтарды ала­лап отырғанын ашына айтып, «Қос­танайдың орыстарынан қазақтың халі жаман», деп жар салады. Комиссия жұмы­сындағы біржақтылықты ашып көр­сету үшін мақаладан үзінді келтіре кет­кенді жөн көрдік:

«Қостанай мекемелерінің аштарға жәрдем беруі де басқаша. Өздерінің Қостанайынша! ...Аштарға жәрдем бере­тін мекеменің бастығы Гроза ...сөйлейді: «...Қостанай гүбірнасында пәленше мың аш бар. Олардың пәленше мыңын ыс­талауай ашып, балалар үйін жасап, тамақ­тандырып жатырмыз. Жаздыгүні ысталауайлар астық бітіп қалып, ауыр халде болды. Малы бар адамдардың 10 қарасынан бір қара алып, ысталауайға беріп, екінші астық келгенше аман сақ­тап қалдық».

Мен сұраймын:

– Қазақ ішінде ысталауай, балалар үйі бар ма?

Жауап:

– Жоқ.

– Сондықтан тамақтандырып жатқан­дарыңыздың ішінде қазақ жоқ қой?

– Жоқ.

Мен сұраймын:

– Малы бар деп кімді айтасыңдар?

Жауап:

– Қазақты.

Мен сұраймын:

– Сонымен малды кімнен алдыңдар?

– Қазақтан.

Мен ашуланып сұрай бастаймын:

– Не себепті бұлай қыласыңдар? Кім сендерге қазаққа жәрдем берме, олардан мал ал деді?

Алдымда отырған орысым асықпай сас­пай, менің ашуланғанымды жақтырмай, қабағын шытыңқырап жауап берді:

– Мен сізге сөзімнің алдында айттым ғой: біз орыс-қазақ деп аштарды бөл­мейміз. Маған бәрібір: қай жерде мал болса, содан мал алынады... Бұл айт­қандар ертегі емес, шып-шын оқиға. Қос­танайда болып отырған оқиға», деп жазады Смағұл Сәдуақасұлы.

Осының өзінен-ақ Қостанай өңірін шарпыған нәубет кезінде жер-жерде жаңа өкімет жанынан құрылған төтенше комиссиялардың ауылдағы аш қазаққа онша бүйрек бұрып, жанашырлық таныта қоймағанын, керісінше өзектен теуіп, қолындағы бар малын тартып алып, негізінен қара шекпенділер қоныс­танған қаладағыларға сорпа ғып беріп отырғанын аңғаруға болады. Нәти­жесінде, аштан қырылған есепсіз қазақтың саны санатқа енбей  қалды. Нәу­бет жылдары неше адам өлді деген сауалға күні бүгінге дейін нақты жауап та­былмай отырғандығының бір сыры осында жатса керек. Мұны Қостанай қаласында тұратын Берік Арсаевтың өз анасынан естіген әңгімесі де растайды: «Анам нәубет жылдары Әулиекөл мен Қос­танайдың арасындағы қара жолдың екі шеті адам сүйегіне толып кеткенін ай­тып жылап отыратын», дейді зейнеткер.

   

Аштарға араша түскен АРА

Алапат аштыққа қарсы күресте дәр­менсіздік көрсеткен Кеңес өкіметінің капиталистік елдерден көмек сұрауға мәжбүр болғаны белгілі. Бұдан кейін алғашқылардың бірі болып Герберт Гувер бастаған Америка әкімшілік кө­мегі (АРА) қолұшын созады. АРА-ның Уфадағы өкілдігі Қазақстанның сол­түстік аймағының біраз бөлігіне, соның ішінде Қостанай облысындағы ашық­қан елге азық-түлік жеткізіп тұр­ған. Қайырымдылық шарасына АҚШ әскерінің отставкадағы полковнигі Уол­тер Лаймон Белл жетекшілік етеді. Об­лыстық Ассамблея жанынан жұмыс істеп жатқан ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғымбековтің айтуынша, АРА-ның Уфа округі кеңестік кеңістіктегі ең ірі қайырымдылық күштерінің бірі болған. Белл өзіне белгіленген аумақты Уфа – Башқұрт – Челябі – Екатеринбург – Қостанай округі деп жиі көрсетіп отырған. Сондай-ақ өзі жіберіп отырған хат-хабарларда бұл округтің аумағы бү­кіл Францияның жері­нен үлкен екенін айтады. Бұл округте атқарылып жатқан жұмыстардың Польшаға көрсетіліп жат­қан жәрдем шараларынан анағұрлым ма­ңызды екенін ерекше атап көрсетеді. Аме­рикалықтар аштыққа қарсы күрес шараларының нәтижесін біліп отыру мақсатында округке қарасты елді мекен­дерді картаға түсіріп отырған.

– Қостанай губерниясында АРА-ның ресми қызметі 1921 жылдың күзінде бас­талды. Бастапқыда тек мүмкіндігінше медициналық тексеруден өтіп ашыққан деп танылған 14 жасқа дейінгі балаларға ғана көмек көрсетілді. Алайда 1922 жылдың маусымында Қостанайда балалар 10 625 пәйек, ересектер 49 886 пәйек азық-түлік көмегін алады, – деді Айбек Шалғымбеков.    

Қостанайдың маңайындағы елді мекендердің біріндегі АРА асханасының аштарды тамақтандыру барысы былайша сипатталады: «Иін тірескен аш-арық балалар мен ересектер, жүкті әйелдер, асыраушылар карточка алу үшін  бірнешесағат бойы кезекте тұрады. Ғимараттың іші  айқай-шуға толып кетеді. Көптен бері ботқа мен ақ нанды түсінде ғана көріп жүрген балалар қолдарына қасық ұстап ботқа салынған ыдысқа әзер дегенде жетеді. Көбі тамағын таусып іше алмайды, нанды өздерімен алып кетеді. Тамақ дәрігер куәлігін алған науқастардың үйіне беріледі. Жүкті әйелдер мен емшектегі баласы бар әйелдер бірінші кезекте алады…»

А.Шалғымбековтің айтуынша, АРА 1922 жылғы шілде айында аса белсенді жұмыс істейді. Мұның сыртында, 1922 жыл­дың 1 маусымында өңірге мем­лекет­тік көмек бөлініп, аштарға көмек көр­сету жөніндегі губерниялық коми­с­сия арқылы 50 мың пұт бидай жеткі­зіледі.

1922 жылдың 10 шілдесіндегі мәлі­мет бойынша, Америка әкімшілік көмегі бала­ларға 35 мың пәйек, ересектерге 36 мың пәйек берген және өздеріне бекі­тілген аудандарға 45 мың пұт азық-түлік таратқан.

–1922 жылдың қыркүйегінде аме­рика­лықтар азық-түлік таратуды азайта бастады. Мысалы, 23 қыркүйекке дейін Қостанай губерниясында аш-жала­ңаштарға күн са­йын 50 мың пәйек үлес­тіріліп келсе, осы айдың соңғы аптасында бірде-бір адамға пәйек берілмеген. Аме­рикалықтардың жәрдем шараларын кілт тоқтатуына халық аштан қырылып жат­қанда Кеңес өкіметінің шетелге бидай экспорттай бастағаны себеп болды, – дейді А.Шалғымбеков.  

Ғалымның қолындағы 1922 жылдың қыркүйегінде өткен 3-ші Қостанай кеңес­тер съезіндегі жарыссөз құжатында кез­десетін «...Асханаларды жабуға әлі ерте. Кедей халыққа әлі де көмек қажет. Қам­қорлық бірінші кезекте балаларға бағытталуы керек. Қазақ балалары қы­рылып жатыр…» деген деректер атал­ған басқосуда талқыланған негізгі мәсе­ле қайырымдылық мекемелерінің жұ­мы­сын тоқтатпау төңірегінде өрбігенін айғақтайды.

Алайда ресми статистика аштар са­­­ны­ның азайғанын мәлімдеген соң, 1923 жылғы көктемде АРА Қазақстан аумағындағы өз қызметін ресми түрде тоқтатады. Алайда көмекке мұқтаж аштар әлі де көп еді. Сондықтан  АРА өз қызметін ресми тоқтатқаннан кейін де біраз уақыт Қостанай губерниясындағы көптеген балалар үйін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған. 1923 жылдың 15 наурызында америкалықтар Қостанайға екі вагон тамақ жеткізеді. Сәуір айында балаларға күн сайын 10 мың ас пәйегі беріліп отырған. Шетелдік ұйымның қайырымдылық қызметі 1923 жылдың мамыр айында түбегейлі тоқтайды.

 

Қостанай облысы