Елордада Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтті. «ЭКСПО» кешенінде болған жиынға былтыр топ жарып іріктелген резервшілер, Президент көмекшісі Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ералы Тоғжанов, Роман Скляр, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қатысты.
Форумның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Президенттің лебізін Ерлан Қарин жеткізді.
«Баршаңызды Президенттік жастар кадрлық резерві форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктердің басқосуы. Мен жас ұрпақтың елдік мүддеге берік, мемлекетшіл тұлға болып өсуіне баса мән беремін. Білімді де білікті, белсенді әрі отаншыл өрендерге жол ашу – маңызды міндеттердің бірі. Біз олардың жауапты қызмет атқарып, шыңдала түсуіне толық жағдай жасаймыз.
Мен байқау жеңімпаздарымен былтыр қаңтар айында кездестім. Алдағы міндеттер туралы ойымды ортаға салып, бағыт-бағдар бердім. Содан бері көпшілігіңіз түрлі лауазымға тағайындалдыңыздар. Биыл араларыңыздан Мәжіліске екі депутат сайланды. Сонымен бірге екі азамат Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болды. Өңірлерге барып еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерді де білемін. Жас мамандардың елмен етене жұмыс істеуі – құптарлық қадам. Себебі бұл – нағыз өмір мектебі.
Мұның бәрі жас өркеннің әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Президенттік жастар кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мәнінде ең үлкен мәртебе де, абырой да осында. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, санасы ашық азаматсыздар. Қазақстанды одан әрі өркендеу – өздеріңізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда өскелең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін! Форумның жұмысы табысты болсын!», делінген Президент құттықтауында.
Одан кейін Ерлан Қарин кадрлық резервтің сапасы мәселесіне тоқталды. «Бүгінгі кездесу – біздің жас әріптестеріміздің ұйымдастырушылық күш-жігерінің нәтижесі, бұл Президенттік жастар кадр резервіне шын мәнінде белсенді жастар жиналғанын тағы да дәлелдейді. Президенттік кадрлық резерв белсенді дамып келеді. Кадр резервінің ішінде де деңгейлес байланыстардың дамып жатқаны мені қатты қуантады. Әрдайым резервтің ішінде талқылаулар, пікірталастар бар екенін көремін. Біздің жас әріптестер үнемі кездеседі, бастамалар көтереді», деп атап өтті Е.Қарин.
Президент көмекшісі соңғы уақытта резервшілер тарапынан түрлі талдамалық материалдар, ұсынымдар түсе бастағанын баса айтты.
«Бұл резервшілердің ұйымдастырушылық әлеуеті де, зияткерлік әлеуеті де зор екенін тағы да көрсетеді. Біздің міндетіміз – тек жұмысқа орналастыру ғана емес, біз үшін ең бастысы, өзара сапаландырудың тұрақты процесі болуы тиіс», деді Президент көмекшісі.
Форумға қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та жастарға өз лебізін жеткізді.
«Кейбір елдердің заңдары ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы өзгермейді. Осылай қабылданды, бітті. Әрине, уақыт өзгереді, жаңа буын келеді, қандай да бір сын-қатерлер пайда болады. Бірақ тұрақтылық олардың өсуіне және үнемі алға жылжуына көмектеседі. Мұнда валютаның тұрақтылығын, заңдардың тұрақтылығын, ережелердің тұрақтылығын және басқаларын айтамыз. Сондықтан сіздер үшін, көшбасшылар үшін өмірлік қағидалардың бірі – ішкі тұрақтылық, ішкі арқау, ішкі тазалық пен тәртіп ережесі болуы керек. Бұл қағидаларды бұзуға болмайды. Бір нәрсені шешу үшін бір рет бұзсаңыз, ішіңізде дисбаланс орнайды. Бұл дисбалансты тоқтату қиын және адам маятниктей шайқалуы мүмкін. Ал мұндай адам көшбасшы және жетекші бола алмайды. Болған күннің өзінде де жақсы жетекші бола алмайды», деді ол.
Министр әрқашан оң нәтижеге жетуге мақсат қою қажеттігіне тоқталды. «Кез келген істі бастағанда әрқашан оның немен аяқталатынын ойлау керек. Және нәтиже әрқашан оң болуы тиіс. Сіздерде амбиция бар. Барлық адамға амбиция керек. Алға шығып, өз соңынан топ ерте алуы үшін дұрыс амбиция қажет деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, жеген тағамнан бастап, жүріс-тұрысқа, ақпаратты тұтынуға, адамдармен сөйлесуге ішкі фильтр орнатуға тырысыңыздар. Айналаны жақсы адамдармен қоршап, өз істеріңіздің шебері болыңыздар», деді Б.Атамқұлов.
Президенттің жастар кадрлық резерві мүшелері де өз тәжірибелері туралы айтып берді. Бас қосқан жастар талқылау барысында еліміздегі бірқатар мәселенің басын ашып, келешекке жоспарларымен бөлісті.