«Жасыл аймақ» деп жайбарақат жүргенімізбен, Шығыс Қазақстанда күн сайын 60-тан астам адам жаман індетке шалдығып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында жалпы коронавирус инфекциясының 28 мыңнан астам жағдайы тіркелген.
Өткенде бір күнде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 70 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 16 жағдайы ковидті пневмония екен. Дәрігерлердің айтуынша, өкпеге жабысқан кеселдің көбі өскемендіктерден анықталған. Індеттің кезекті толқуына облыста дайындық қарқынды жүргендіктен, науқастарға төсектік орын жеткілікті. Медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп келеді. Індеттің алдын алу үшін екпе егу үшін де жан-жақты шаралар атқарылып жатыр. Кейбір кәсіпорындар вакцина алған жұмысшыға бағалы заттардың сертификатын берсе, енді бірі демалыс орындарына жолдама ұсынып жатыр. Ең бастысы, екпе алып, аурудың алдын алсаңыз болғаны. Екінші жағынан Ashyq бағдарламасы орнатылған орындарға кедергісіз кіріп-шығуға мүмкіндік бар көрінеді.
Ақ желеңді абзал жандардың пікірінше, вакцина адамды COVID-19 инфекциясынан қорғайды. Жұқтырып алған күннің өзінде, сырқат анағұрлым жеңіл өтеді. Айта кетсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентін 155 мыңнан астам адам алса, екінші компонентін 73,6 мың адам алған. Вакцина алғандардың ішінде әйгілі спортшы Ольга Рыпакова да бар.
– Вакцина – ковидтің асқынуынан қорғайтын сенімді әдіс. Мен өзімді және жақындарымды қорғағым келетіндіктен екпе салдырдым. Бұрынғы үйреншікті өмірімізге қайта оралғымыз келсе, шетелге емін-еркін саяхатқа шығып, алаңсыз жүру үшін вакцина алуымыз керек, – деді әйгілі атлет Ольга Рыпакова.
Шығыс Қазақстанда халықты жаппай вакциналау жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, елімізде кезең-кезеңімен иммундау 1 ақпаннан басталған. Коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары аумақта жұмыс істейтін дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар вакцинаны алғашқылардың бірі болып ала бастаған.
Мектеп мұғалімдері де коронавирусқа қарсы вакциналаудың маңызын түсінген көрінеді. Өйткені жаппай екпе алып жатыр. Бүгінгі таңда өңірде 12 мыңнан астам мұғалім иммундаудан өтті. Өскемен қаласының №2 жалпы білім беретін мектебінің директоры Жанат Омарованың айтуынша, 1 сәуірден бастап мектеп ұжымы мүшелерінің 50 пайыздан астамы вакцина алды.
– Вакциналаудың басталғаны туралы хабарлаған кезде біздің қызметкерлеріміз екпе алуға дайын екендіктерін білдірді. Әлеуметтік сала қызметкерлері, оның ішінде педагогтер мұның маңыздылығын түсінеміз. Әрине, оқушыларымыздың мектепке оралып, дәстүрлі форматта оқығанын қалаймыз. Бұл үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек, – деді мектеп директоры Жанат Мұхтарқызы.
Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандары бойынша айтар болсақ, облыс орталығында 1800-ден астам педагог, Семейде 1900-дан астам, Үржар ауданында 1 мыңға жуық, Аягөз ауданында 900-ге жуық педагог вакциналанды. Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай және Алтай аудандарында 600-ден астам мұғалім коронавирусқа қарсы вакцина алды. Зайсан ауданында 500-ден астам мұғалімге екпе жасалды. Глубокое және Бородулиха аудандарында 450-ден астам, Ұлан ауданында 440-тан астам, Абай ауданында 420-ға жуық, Риддерде 350-ге жуық, Бесқарағай ауданында 295-ке жуық оқытушы COIVD-19-дан қорғалды.