• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР ҚАБІРЛЕРІН ІЗДЕСТІРУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

607 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 64 жылдан астам мерзім өткенімен, аса қатыгез де қанқұйлы соғыстың жантүршігерлік іздері майдангерлердің ұрпақтарын – балалары  мен немерелерін, қалды шөберелерін әлі күнге алаңдатып келеді. Соғыс біздің еншімізге небір шешілмеген түйіндерді ұсынды. Мәселен, бір ғана Ақмола өңірі бойынша Ұлы Отан соғысында 33950 жауынгер қаза тапса, соның 16641-ін хабар-ошарсыз кеткен, майдан төсіндегі тағдырлары әлі күнге белгісіз жандар құрайды. Қаза тапқандардың көбісінің қашан, қай мекенде көз жұмғандығы және қайда жерленгендіктері де әлі күнге белгісіз. Осынау міндетті шешу ісін бұдан аттай 22 жыл бұрын өз мой­ын­дарына алған Астана қала­сын­дағы “Мемориалдық аймақ” іздес­тіру отрядының бұл орайда атқа­рып келген жұмыстары ден қояр­лық­тай. Өз жүрек қалауымен осы ша­руаға бас-көз болып жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профес­со­ры, ғылым кандидаты Майдан Құ­сайыновтың бұл жайында ай­та­ры да, топшылаулары да жеткілікті. Ғалымның атап көрсеткенін­дей, іздестіру отрядына көбіне-көп хабар-ошарсыз кеткен май­дан­герлердің жақындары жиі ха­бар­ласады. Іздестірушілер негізі­нен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұраға­тын­да жинақталған құжаттарды бас­шылыққа ала отырып, жұмыс істеп келеді. Майданда хабар-ошарсыз кет­кендердің тағдырларын анықтау жөнінде жылдар көшінде біздің жи­нақтаған өзіндік дербес техно­ло­гиямыз бар, дейді Майдан Кө­мек­ұлы. Оның айтуына қарағанда, іздестіру жұмыстарында оң нәти­же­ге жету үшін Отан қорғау­шы­ның аты-жөні, туған жылы мен күні, далалық поштасының нөмі­рі, майдан мен госпитальдан жа­зыл­ған хаттар, полктастарының соң­ғы ұрыс жөніндегі жан-жақты деректері мен естеліктері, әскери бөлімдерден келген “қара қағаз” секілді құжаттардың болғаны жөн. Осылар арқылы ғана із-түссіз кет­кендер санатындағылардың кейін­гі тағдырларын білудің сәті түседі. Белгілі бір нәтижеге қол жет­кізу үшін жәрдем сұрағандардан туу куәлігіне қатысты, не болмаса неке туралы деректерді анықтау та­лап етіледі. Аталған құжаттар арқылы хабарсыз кеткендерді “Оте­чество” сайтының естелік кітабындағы деректер базасынан, “Мемориал” сайты мен Ресей Фе­дерациясы Қорғаныс министрлі­гі­нің орталық мұрағаты мен әс­ке­ри-медициналық мұражайынан, азап лагерьлерінде отырған тұт­қын­дардың тізімінен, қайтыс бол­ған жауынгерлердің мойындарын­да­ғы медальондардан іздестіруге болады. Әскери бөлімінің нөмірін анық­тауда тәжірибеде өзін дәлел­дей білген екі әдіс қолданылады. Бірінші әдісте жергілікті әскери комиссариатқа белгілі бір бөлім­нен келген жауынгердің қайтыс болғандығын хабарлаған “қара қа­ғаздың” түпнұсқасы басшылыққа алынады. Егер онда мұндай маз­мұн­да хабарлама түспесе, қалалық немесе аудандық әлеуметтік қам­сыз­дандыру бөлімдеріне жүгінген жөн. Мұнда хабар-ошарсыз кет­кен жауынгерлердің ата-анасы мен отбасына тиісті жәрдем төле­не­ді. Оны да мұқият салыстырған дұрыс. Екінші әдіс майдангердің хаттары мен әскери бөлімінің далалық пошталарының нөмірін табуға аударылады. Хабарласушылардың көбісі соғыстан кейінгі жылдарда әскери комиссариат қызметкерлерінің үй-үйлерді жағалап, сауалнама жүр­гіз­гендіктерін де білмейді. Мұндай сауалнамаларда хабарсыз кеткен жауынгердің соңғы хатында да­ла­лық пошта нөмірінің көрсетіл­ген­дігі айқын. Осы іспеттес жүргі­зіл­ген сауалнамалардың тізбелері Ре­сей Қорғаныс министрлігінің Ор­талық мұрағатындағы 9-шы бө­лім­де сақтаулы. Іздеу салушыларға қа­тысты барлық фотосуреттерді, соғыстан келген ашық хаттарды жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Осы арқылы әскери бөлімнің қай­да орналасқандығын, оның нөмірі мен түсірілген суреттердің мерзі­мін, әскер қатарына қашан шақы­ры­лғандығы мен бөлімнің орна­лас­қан жерін айқындауға болады. Ақмола (қазіргі Астана) қа­ла­сынан шақырылған жауынгерлер мен командирлердің күрделі де қиын тағдырларын анықтауда іздестіру отряды тұтқынға түскен­дер­дің ұрысқа қатысқан соңғы жерін тексеруді, медсанбаттарда қаза тапқандардың тізімдерін қайта саралауды, медальондары бойынша анықталған есімдерді екшеуді, соғыс болған аймақтарда орналасқан саяжай иелеріне сұрау салуды ұдайы қолға алып келеді. “Мемориалдық аймақ” іздесті­ру отряды өзі өмірге келген 22 жыл ішінде ТМД мен Балтық бой­ындағы елдердің 800-ден астам ізшілдерімен бірлесе отырып, бір­қатар игілікті жұмыстар атқарды. Олар негізінен бауырластар зират­тарын табуға, онда жерленген­дер­дің аты-жөндерін жазып, тиісті бел­гілер орнатуға, қорымдарға ба­ра­тын жолдар мен сүрлеулердің бой­ларына тиісті бағдар-көрсет­кіштер қоюға бірінші дәрежелі маңыз берді. Іздестіру отряды штабының командирі, ғалым М.Құсайынов өз сөзінде 1946-1948 жылдар ара­лы­ғындағы аэросуреттер арқылы да бауырластар зиратын табуға бо­латындығын алға тарты. Мәселен, осындай жолмен 314-атқыштар ди­визиясының 1078-ші атқыштар полкінің бейіттері табылған. Онда бүгінде Петропавл мен Павло­дар­дан майданға алынған бауырлары­мыз мәңгілік тыныстап жатыр. Өз істеріне жан-тәнімен беріл­ген ізшілдер кейін 372-атқыштар дивизиясының бауырластар зира­тын тауып, із-түссіздер қатарында саналып келгендердің есімдерін анықтауға да тиісінше үлес қосты. Олардың қауіпті де қиын, абы­рой­лы да азапты жұмыстары өз кезе­гінде “Отан қорғаушылар туралы халық естелігі” халықарарлық қауымдастығы тарапынан да жо­ға­ры бағаланды. Өйткені, бір кез­дері ұрыс даласына айналған ай­мақтарда залалсыздандырылмаған миналар да аз ұшыраспайды. Оған біліктілік пен төзімділіктің, қыра­ғы­лық пен сақтықтың аса қажет екендігі белгілі. Мұндай қасиет “Мемориалдық аймақтың” із кесушілеріне аса тән. Ал бейбіт күнде осындай жұмысқа тәуекел еткен Ресейдің, Украина мен Белоруссияның жас жігіттер мен қыздардан жасақталған жекелеген із­дестіру отряды мүшелерінің тә­жі­ри­белерінің жетіспеуші­лікте­рі­нен мина алаңдарына кездесіп, қаза тапқандары да болды. Тарихтың белгісіз беттерін ашуға талаптанған “Мемориалдық аймақ” отряды мүшелерінің саны бүгінде екі жүзге жуықтап отыр. Олар­дың басым бөлігі кешегі қанды соғыста хабар-ошарсыз кеткен, ел азаттығы жолында мерт болған рухы биік, асыл жан­дар­дың ұрпақтары болып табылады. Олар әкелері мен ағалары алдын­дағы борыштарын өтеуді жүрек қалауларына айналдырған. Бұл істің жыл өткен сайын жаңа мән­ге, тың серпінге ие болып, оның қатары­ның арта беретіндігіне, тағдырлары белгісіз жандардың одан әрі анық­тала түсеріне сенім мол. Астана қаласындағы “Мемо­риалдық аймақ” отрядының бү­гін­гі таңда қол жеткен табыстары осындай пайым жасауға итер­мелейді. Көшкінбай КЕНЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жоғары санатты мұрағатшы. АСТАНА.