Атырау қаласында 8 пәтерлік «Гаухартас» тұрғын үй кешені өртенді. Пәтерін өрт шалған тұрғындар туыстарының баспанасын паналауға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өрт 13 маусымда кешкі сағат 22:19-да болған.
«Өрт сөндірушілер «Сарықамыс» шағын ауданындағы «Гаухартас» тұрғын үй кешеніне барғанда төбе жабындысы мен 2-қабаты жанып жатты. Тұрғын үй кешенінен 21 адам, оның ішінде 10 бала өздігімен қауіпсіз жерге шыққан», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жалынды сөндіру үшін төтенше жағдайлар департаментінен 50 қызметкер мен 8 техника, «Өрт сөндіруші» АҚ филиалынан 3 қызметкер, 1 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ «Ақ Берен» АҚ филиланынан 2 қызметкер, 1 техника, «НКОК» компаниясынан 4 қызметкер, 1 техника, СКЭБР-ден 4 қызметкер, 1 техника, полиция департаментінен 7 қызметкер, 3 техника тартылды.
Өрт сағат 00:43-те оқшауланып, сағат 00:57-де толықтай сөндірілді.