Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық ат туризмі федерациясының ұйымдастыруымен тарих тылсымын тануға бағытталған тұңғыш экспедиция ұйымдастырылды.
Ауыздығымен алысып, жұтынып тұрған сәйгүліктерге ер салынып, керек-жарақ дүние қанжығаға байланды. Тарих тылсымына бойлауға құлшынғандар Целиноград ауданының аумағындағы ежелгі Бозоқ қаласы маңында атқа қонды. Сөз арасында Бозоқ қаласының Ұлы Жібек жолындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болғанын айта кетелік. Тарихшылардың таразылауына қарағанда, қаланың гүлденуі түркі жұртының ішінде қыпшақтардың беделі көтерілген Х-ХІ ғасырларға сәйкес келеді.
Ежелгі қаладан атқа қонған экспедицияға Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық музей, Ақмола облысының әкімдігі, Ботай қорық-музейі қолдау көрсетіп отыр.
Тұңғыш рет айшылық алыс жолға аттанған экспедиция Нұр-Сұлтан-Жидебай бағытында мың шақырымдық жолды желе жортып өтпек. Жай ғана жүріс емес, ежелгі тарих соқпағында ел есінде сақталған тірі аңыз, тіршілік сұлбасын сүзу мақсат етілуде. Жол-жөнекей Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы аумақтарындағы Олжабай батыр, Едіге би, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Бұқар жырау, Абай-Шәкәрім кесенелерін аралап, Қоянды жәрмеңкесі өткен орында ат шалдырып, ілгері аспақ.
Экспедиция құрамында бірнеше облыстың өкілдері, негізінде тарихшылар мен журналистер бар. Негізгі мақсат – халқымыздың сан ғасыр бой жалғасып келе жатқан дәстүрлерін насихаттау, киелі жерлерге құрмет көрсету. Сол арқылы ел назарын өзекті мәселелерге аудару.
Ақмола облысы