Орал қаласындағы «Зенит» зауыты халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы атындағы күзет катерлерін суға түсірді, деп жазады Egemen.kz.
«Қайсар» жобасы бойынша құрастырылған бұл шағын кемелер Каспий теңізінде қызмет атқармақ.
Зауыт нөмірі №1 және №2 деп таңбаланған қос катердің суға түсіру салтанаты Орал тұрғындары үшін әдеттегідей мереке болып өтті.
– Бұл қос катер «Зенит» зауыты ұжымының еселі еңбегінің нәтижесі. 1993 жылдан бері Отанымыздың қорғаныс қабілетін нығайтып, жыл сайын теңіз шекарамызды қорғауға 1-2 кеме шығарып келеді. Бүгін суға түскен катерлер судағы шекарамыз бен Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғайды, террорлық актілердің алдын алады, заңсыз балық аулаушыларды құрықтайды, теңізде рұқсатсыз тауар тасушылардың жолын кеседі. Теңізшілер ел мүддесіне керек стратегиялық міндеттерді жүзеге асырып отыр. Біздің «Зенит» зауыты – елімізде катер мен кеме жасайтын жалғыз кәсіпорын. Мен оның болашағы жарқын боларына сенемін, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.
Күзет катерінің бес қаруы сай, үш тәулік бойы еш жерге соқпай жүре алады. Ұзындығы 14 метрлік катердің судағы сыйымдылығы 15 тонна. Катердің өз экипажы 4 адамнан тұрса, қосымша тағы 4 адамды жолаушы ретінде ала алады. 3 баллдық теңіз толқынына шыдас беретін бұл су көлігі сағатына 35 узл, яғни 65 шақырымға дейін жылдамдықпен жүзе алады.
- Бүгін біздің шекара қызметі үшін өте ерекше күн. Бұл катерлерге батыр аталарымыздың есімі берілгені де біз үшін өте қуанышты болып тұр. «Зенит» зауыты алғашқы күннен бері Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі шекарасын қорғау ісіне үлкен үлес қосып келеді, - деді Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Шекара қорғау департаментінің Жағалау күзеті басқармасының бастығы 1 рангалы капитан Сабыр Хасанов.
Батыс Қазақстан