• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Маусым, 2021

Жамбылдың жарқын бейнесі

1264 рет
көрсетілді

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрме есік ашты. Ғибратты ғұмыр иесінің өмір өрнегінен сыр шертетін көрмеге өнер музейінің қорында сақталған 30-дан астам кескіндемелік, графикалық және мүсіндік туындылар қойылған.

Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлері ақын өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды тіршілігінде өз көзімен көріп бейнелеген Б.Че­­­калин, Ә.Қастеев, Р.Ар­да­­тов, Н.Ягодкин секілді ше­бер­­лер дала перзентінің қарт­тық шағын дәл кейіптейді. Б.Чекалиннің: «Жамбыл туындылары күнделікті өмірмен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәтін көзден таса жібер­мей бейнелеуге тырыстым» деуі тегін емес. Жамбыл тақы­ры­бындағы топтамасы ұлы жы­­раудың өмір жолын ке­неп арқылы баяндайтын кең кө­лемді монографияға ай­налған сурет­ші ақын жырларын жан дүниесімен зер­делегені анық.

Жамбыл бейнесіне бір­неше рет тоқталған Ә.Қас­теев те ақын­ға арнап «Ха­лық ақыны Жам­былдың пор­треті» (1937), «Жамбыл дос­тары арасында» (1971) атты туындыларын жарыққа шығарды. Өнертаушы Лаура Әбілдаеваның пайымынша: «Ә.Қастеев Жамбылды қан­­ша рет бейнелесе, сонша рет бі­рін-бірі қайталамайтын кел­­­бет жасады. Ол өткен ең­бек­­­­терін қайталамау үшін ақын­ның пси­хологиялық ішкі жан дү­ниесінің алуан қырын аша білді».

Жамбыл ақынның жарқын бейнесі мүсін өнерінен де тыс қалған жоқ. 1938 жылы Қа­зақ­станға келіп, Жамбылды өз көзімен көре жүріп, оның бей­несін жасаумен айналысқан мәскеулік мүсіншілердің бірі, И.Андреев еді. Тағылымды тұл­ғаны тастан қашаған талант иесі импрессионистік тәсілде кейіп­кердің бір сәттік көңіл күйін дәл көрсеткен.

Қазақстанның мү­сін өне­рінің негізін қалау­шы Х.Нау­рызбаев өз шығармашы­лы­ғында Жамбылдың балалық шағынан бастап, қартайғанға дейінгі аралықтағы бүкіл өмі­рін қамтыған туындылар топтамасын жарыққа шығарды. Көрме қабырғасынан Х.Нау­рызбаевтың «Жас Жам­был­дың бас бейнесі» (1950) мен қария «Жамбылдың пор­треті» (1966) туындыларын көруге болады. Сонымен қатар мүсіншінің қоладан жасалған «Жас Жам­был» (1958) атты туындысы Ә.Қас­теев музейінің тұрақты экспозициясында орна­ласқан. Бұл жұмысында мү­сінші жалаң аяқ дала кезіп, дом­бырасына қосылып ән салып келе жатқан бала ақынды тұтас тұл­ғасымен көрсеткен.

– «Бақыт туралы жыр» көр­­месіндегі шеберлер қол­таң­­басы «ХХ ғасырдың Го­мері» – Жамбыл Жабаевтың эпи­­калық бейнесін нақты көр­­сетуге тырысқан. Жамбыл жыр­ла­рындағы ізгілік пен әділ­дік пат­шалығы туралы адам­заттың мәң­гілік арманы, барлық уақытта адамды бі­рік­­тірген бақытты жар­қын бо­ла­шаққа деген үміт айтылады, – дейді Лаура Әбілдаева.

АЛМАТЫ