• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Маусым, 2021

Жүрек жылуы жан жадыратады

857 рет
көрсетілді

Өңір «сары аймақтың» санатына кіргенімен, жомарт жандар қамқорлықты қажет ететін адамдарға қол ұшын созып, қолтығынан демеуді тоқтатқан жоқ. Жер-жерде жасалып жатқан ізгілікті шаруаны естігенде көңілің гүлдеп, жаныңның жадырап қалатыны бар.

Алдымен «Жүрек жылуы» акциясының кеңі­нен қолдау тауып,­ кө­ңі­лі дарқан, қолы ашық­ адам­дардың басын­ бірік­тіріп, жақсылық жа­сауға ұйытқы болған­ын айта кеткен лә­зім. Азық-түлік бағасы қым­баттап, елді абыржытып отырса да, көп қамын ой­лаған азаматтар қолда барымен бөлісіп, бірін-бірі демеуде. Осы бір жақсы жоралғы бірлікті нығайта түсуде. Бірлік бар жерде қандай қиындықты болсын елдің еңсеріп шығатынына сенім мол.

Зеренді ауданында ерік­­т­ілер шама-шар­қынша қаражат жинап, жалғы­зілікті 70 зейнеткерге азық-түлік себеттерін та­рат­ты. Әрине қара суға қа­ма­лып отырмағанымен, жерлестерінің өздерін елеп-ескеріп, сәлем беріп келгеніне қарттар жа­ғы кәдімгідей қуанып қал­ды. Өзгеге үлгі болар өне­­гелі іс ауданда әлі де жалғасуда.

«Мейірім» қорының да жақсылық жасаудан жарысқа түскендей кең­пейілділік көрсетуі жара­сымды. Қорға жи­налған қаражатқа олар екі отба­сының қысқы отын-кө­мірін сатып алып берді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған он шақты отбасына қаржылай көмек көрсетті. Осы орайда аудан­­да қолға алынған «Мұқтаж жандарға сый­лық» қайырымдылық ак­ция­сы туралы бөле-жара айта кетуге болады. Ерік­тілер акция аясында он­да­ған отбасында болып, материалдық көмек көр­сетті.

Жақсы іс өңірдің өзге аудандарында да кеңі­нен өрістеуде. Айталық, Қорғалжын ауданының ерік­тілері әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған адам­дармен бірге мүм­кіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қал­дырмай, көмек көрсетуде. Таяуда олар есту қабілеті төмен бір адамға құны 500 мың теңге тұратын аппарат сатып алып, сыйға тартты. Сандықтау ауданындағы Бірлік селолық округінде де қайырымдылықтың қанат жайып тұрғаны өзгеге жақсы мысал. Осын­­­дағы «Балкашин» се­­рік­тестігінің құрыл­тай­­шысы Атлан Докаев жалпы құны 1 млн 720 мың теңге тұратын 215 қап ұнды тұрғындарға тегін таратып беріп, алғыс ар­қалаған жайы бар.

Ел ішіндегі бірлікті нығайтуға септесетін «Біз біргеміз» акциясы ая­­сында  да қаншама қайы­рымдылық шарасы қол­ға алынуда. Бұл арада бір ғана мысал келтіре ке­телік, Степногорск  қа­­­ла­сындағы «Дәрігер plus» медицина орталығы об­лыстық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеу­лі балаларын бағып отыр­ған отбасыларды жүрек жылуымен жадыратты. Оларға тәтті тағамдармен бірге азық-түлік те таратылды. 8 отбасына 80 мың тең­ге көлемінде кө­мек көр­сетілді.

Жер-жердегі жүрек жылуымен бөлісетін қа­йы­рымды адамдардың қа­рекеті барша қауымның көңілін демдеп, келер күндерге деген үміт отын лаулатып отыр.

 

Ақмола облысы