• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Маусым, 2021

Бес каратэшіміз Олимпиада жолдамасына иелік етті

225 рет
көрсетілді

Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) Олимпия ойындарына қатысатын спортшылардың жаңартылған тізімін жария етті. Солардың қатарында Қазақстанның бес бірдей өрені бар, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Алғашқы жолдаманы былтыр Дархан Асаділов жеңіп алған еді. 67 кило салмақта күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап, өзінің басты бәсекелесінен бақандай 1 000 ұпай озды. Таяуда Парижде өткен аса ірі халықаралық турнирде Мөлдір Жаңбырбай (55 кило) мен Нұрқанат Әжіқанов (75 кило) асқан шеберлік танытып, жеңіс тұғырына көтерілді. Айтулы додада бұрымдымыз күміс алса, бөріктіміз бас жүлдені олжалады. Нәтижесінде екеуі де олимпиадалық лицензияға иелік етті.

Ал күні кеше WKF-ның штаб-пәтері орналасқан Испанияның астанасы – Мадридтен қуанышты хабар жетті. Өздерінің әлемдік рейтингте жиған ұпайларына сәйкес аса ауыр салмақта айқасатын Софья Берульцева (+61 кило) мен Данияр Юлдашев та (+75 кило) Токио Олимпиадасына баратындардың тізіміне қосылды. 

Естеріңізге сала кетейік, каратэ Олимпия ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет еніп отыр. Спорттың бұл түрі бойынша барлығы 82 өрен (42 ерлер+40 әйелдер) өнер көрсетеді. 62 спортшы кумитэде алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түссе, 21 үміткер катада бақ сынайды.