Қыркүйекке дейін 10 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина алуы тиіс. Жоспар орындалмаса Денсаулық сақтау министрі отставкаға кете ме? Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдері министрден «қыркүйекте 10 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы вацина алмаса отставкаға кетесіз бе?», деп сұраған болатын.
«Барлығы еліміздің әрбір азаматына, оның түсінуіне байланысты екендігін айтқым келеді. Вакцинация – ерікті. Бұл орайда біз ешкімді де мәжбүрлей алмаймыз. Тек түсіндіру саясатын, тек ақпараттық қолдау ғана жүргіземіз. Оның үстіне сіздерді де ел азаматтарының барынша көпшілігін вакцинамен қамту үшін көмектесуге шақырамыз», деді Алексей Цой.
Сонымен қатар ол Үкіметтің кез келген мүшесінің жұмысына Мемлекет басшысы баға беретінін айтты.
«Үкіметтің әрбір мүшесіне қатысты кез келген мәселе Мемлекет басшысына байланысты. Сондықтан жұмыс қалай бағаланса, солай шешім қабылданатын болады», деді Алексей Цой.