• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Маусым, 2021

Шарын шатқалы

976 рет
көрсетілді

Қызғылт құм. Алып аңғар. Ертегі пішінді қамалдар. Елдің көзіне түсуге қорқатын ғажайып сайлар. Аңызға жүк болған алып мекеннің бір бұрышы. Ақиқатын ешкім аршып ала алмасы анық. Себебі миллион жыл бұрын жерді жарып шыққан табиғаттың көркем суреті адамзаттан айласын асырып тұр. Кер даланың төсін қанша кемірсе де енді пенде атаулы мұндай туынды тудыра алмасы ақиқат.

Белгілі суретші Андрей Ла­тыниннің «Шарын. Қамал­дар жазығы» картинасы бізді Ша­рын шатқалына қайта са­парлағандай күйге бөледі. Му­зейде орналасқан бұл жә­ді­герді шет­елден саяхаттап келген қо­нақтар таңдана да, таңыр­қай да қарай­тыны көпке мәлім. Көркем картинаға қазақ даласының бар­лық болмысы сіңгендей.

АҚШ-тағы Гранд-Каньон туралы бәрі біледі, бірақ со­ған ұқсас табиғи жаратылысты Қа­зақ­­станнан да көруге болатынын бірі білсе, бірі біл­месі хақ. Ал­ма­ты қаласынан 200 шақырым қа­шықтықта ор­наласқан құтты мекенді аме­ри­калық шатқалдың «інісі» деп те атайды. Жетісудың ор­та бөлігінде мыңжылдықтар жұм­бағын ішіне бүгіп даңқы алысты шарлаған Шарынның жас-шамасын нақты атап бер­ген ешкім жоқ. Шөкпелі жы­ныстардан құралған табиғи ескерт­кіштің жасы шамамен 12 миллион жылға барады. Жасыл жазықтың ортасынан ашылған жұмыртқадай пайда болған қызғылт айлақ.

Картина реализм стилімен тау пейзажы жанрында майлы бояумен жазылған. Суретші шатқалдардың әрбіріне ерекше мән беруге тырысқан. Әр­қайсысына жеке-жеке ма­ғына беріп, кенеп бетін түрлі реңкке толтырған.

Біздің көз алдымызда ға­жайып тау сілемдері, уақыт пен жел тілімдеген жартас­тар, беймәлім үңгірлер, қуаң дала және бұлтты көгілдір ас­пан астында осылардың ара­­сымен ағып жатқан өзен ке­­леді. Суретші көк түс ар­қылы көлеңкеге басымдық бе­реді. Бұл картинаға әсер беріп, жоса, құм сияқты жылы тау түс­тері мен шатқалдың кө­лең­келі жақтарының арасына қарама-қайшылық жасайды, әрі шуақты күнді ерекше сезіндіреді.

Суретші туындысында Қазақстан табиғаты құла даласы да, ормандары да, шат­қалдары да бар сон­ша­лықты алуан түрлі әрі сан қырлы екенін көрсетеді.