Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 18-21 маусым аралығында Украинаның Запорожье қаласында КСРО халықтары Спартакиадасының бағдарлама аясында грек-рим күресінен (кезінде «классикалық күрес» деп аталған – ред.) бәсекелер ұйымдастырылды. Осылайша, бұрынғы «бауырлас» 15 республика өкілдерінің соңғы рет басы қосқан еді. Көп ұзамай Кеңес Одағы құрдымға кетті, соның салдарынан айтулы додада өтпейтін болды.
Днепр өзені жағалауында Қазақстан құрамасы керемет өнер көрсекені жанкүйерлер жадында. Бұл жарыста бақ сынғана 10 жерлесіміздің тең жартысы жеңіс тұғырына көтерілді. Солардың үшеуі алтын алды. Иә, алматылық Дәулет Тұрлыханов (82 кило) пен шыменттік Бисольт Дециевтің (74 кило) бас жүлдені олжалағанына ешкімнің таңдана қоймағаны анық. Өйткені, сол тұста екеуінің де даңқы дүркіреп тұрды. Мәселен, сол кездері 28 жастағы Дәулет Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, екі дүркін әлем кубогының иегері және КСРО-ның алты дүркін чемпионы атанып үлгерген-ді. 27 жастағы Бисольт әлем кубогын төрт рет ұтып, Еуропа біріншілігінде топ жарды. Ал аса жеңіл салмақтағы Есенкелді Батырғаринның (48 кило) алтын тұғырға көтерілу көпшілік үшін тосын жағдай болды. Жасы жиырмаға да толмаған жас балуан осындай орасан зор табысқа жетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Десек те ақтөбелік арланның, шын мәнінде, нағыз феномен болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Запорожьедегі жарыста Бақтияр Байсейітов (74 кило) пен Сергей Матвиенко (90 кило) күміс медальді иеленді. 74 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Бақтияр финалда өзінің командалық әріптесі Бисольт Дициевке жол берді. 90 кило салмақта белдескен Сергей Матвиенко әлем чемпионатының қола жүлдегері, кейіннен Атланта Олимпиадасының жеңімпазы атанған боз кілем иесі Вячеслав Олейникке есе жіберді. Ол кезде айтулы қос жерлесіміздің жасы әлі жиырмаға да толмаған еді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері екінші орынды олжалады. Алдымыда тек Ресей құрамасы. Олардың бізден бір қоласа артық болды. Жарыс қожайындары үшінші орын алса, Мәскеу қаласы мен Беларусь елі үздік бестіктің қатарына қосылды. Айтулы додада жоғарыда есімдері аталған отандастарымыздан бөлек, украиналық Андрей Калашников (52 кило) пен Вячеслав Олейник (90 кило), мәскеулік Сергей Мартынов (62 кило), беларуссиялық Сергей Демшкеевич (100 кило), ресейлік Александр Игнатенко (57 кило), Ислам Догучиев (68 кило) және Александр Карелин (130 кило) сынды саңлақтар бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Дәл сол Запорожьеде Спартакиадамен қатар КСРО чемпионатының да жалауы желбіреді. Бұл жарыста да Қазақстанның балуандары табысты өнер көрсетті. Біздің жігіттер арасынан Дәулет Тұрлыханов (82 кило) пен шыменттік Бисольт Дециев (74 кило) дара шықты. Есенкелді Батырғарин (48 кило) күміспен күптелді. Финалдық бәсекеде ол Түменнің қазағы Жоламан Дәуренбековтен ұтылды.
Жалпы КСРО халықтары Спартакиадасы 10 ретұйымдастырылды. 1956 жылғы жарыстан қоржынымыз бос қайтса, 1959 жылы Анатолий Колесов қарсылас шақ келтірмеді. 78 кило салмақта күрескен Қарағанды облысының тумасы мәскеулік Виктор Рековтан айласын асырды. 1963 жылы қайта жолымыз болмады. 1967 жылы Владимир Бакулин (52 кило) күміс және Валерий Анисимов (+97 кило) қола медальді еншіледі. 1975 жылы Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Жерлестеріміз тек Ресей мен Грузиядан ғана қалып қойды. Біздің жігіттер арасынан Анатолий Назаренко (82 кило) мен Валерий Резанцев (90 кило) бас жүлдені олжаласа, Василий Хомутский (68 кило) мен Валерий Анисимов (100 кило) үшінші орынға табан тіреді. Бұл жарыстардың барлығы да Мәскеуде өтті.
1975 жылғы Спартакиада шеңберіндегі грек-рим күресі шеберлерінің сайысы Алматыда өтті. Өз жерімізде өткен жарыста қазақстандық балуандар қарсыластарына дес бермеді. Біздің бес жігіт алтын тұғырдан қол бұлғады. Олар – Жақсылық Үшкемпіров (48 кило), Василий Гримайло (57 кило), Анатолий Быков (74 кило), Анатолий Назаренко (82 кило) және Валерий Резанцев (90 кило). Жерлестеріміздің барлығында шешуші тұста кіл мықтылармен айқасуға тура келді. Мәселен, Үшкемпіров финалда Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Владимир Нецветаевты ұтса, Гримайло келешекте Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы атанған Фаргат Мұстафинді жықты. Сол секілді Быков, Назаренко және Резанцевтің де қарсыластары өте қарулы болды. Ал Кияз Ахмедовке (52 кило) бұл бәсекеде қола медаль бұйырды.
1979 жылғы дүбірлі дода қайта Мәскеуде ұйымдастырылды. Осы жарыста Жақсылық Үшкемпіров (48 кило) финалда Андрей Шумаковқа есе жіберсе, Анатолий Быков (74 кило) пен Валерий Резанцев (90 кило) үшінші сатыға тұрақтады. 1983 және 1987 жылдары отандастарымыз көңіл көншітерліктей көрсеткішке қол жеткізе алмады. Алғашқы бәсекеде балуандарымыз тегістей ұтылса, келесі сайыста 74 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Дәулет Тұрлыханов пен Бисольт Дециев күміс пен қола медальдарды иеленді.
Есесіне 1991 жылғы КСРО халықтары Спартакиадасының отандық грек-рим күресі шеберлері тамаша өнер көрсеткені жайында жоғарыда баяндадық. Сол Запорожьеде өткен жарыста жасындай жарқылдаған жігіттер кейіннен де биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, Дәулет Тұрлыханов Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлдегерлер санатынан көрініп, Азия ойындары мен құрлық чемпионатында бас жүлдені олжалады. Бисольт Дециев Еуропа және Азия біріншіліктерінде атой салды. Бақтияр Байсейітов әлем чемпионы атанып, Азия ойындары мен құрлық чемпионатында алдына жан салмады. Сергей Матвиенко төрт бірдей Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, құрлықтық ойындарда дара шықты. Осы топтың арасында тек Есенкелді Батырғарин ғана өз әлеуетін толықтай пайдалана алмады. 20 жасқа дейін КСРО халықтары Спартакиадасынан бөлек, әлем кубогы мен Бүкілодақтық Универсиадада дара шығып, Одақ біріншілігінде күміс медальді мойнына ілген жалынды жігіт содан кейінгі жылдары жанкүйерлер назарынан тыс қалды...