Оның түр-тұрпаты, жүріс-тұрысы, киім киісі, стилі – бәрі-бәрі ерекше-тін. Қолжазбасын қолтығына қысып, көзілдірігінің қырына қағаз қыстырып, ылғи жүннен тоқылған жемпір киіп жүруші еді. Қауғадай сақалы да өзіне жарасатын. Әлемнің әр түкпіріндегі оқырман оның осы дидарына табынып, суретін қабырғаларына жапа-тармағай іліп жатты. Әдеби ортада еліктеу селі қатты жүрді. Жас романтиктер «ұлы Хэм ағайша» өмір сүруді қалады. Хемингуэйге еліктегендердің бәрі Хемингуэйше жазғысы келді. Алайда ешқайсысы Хемингуэй бола алмады.
Көзінің тірісінде оқушысының телегей-теңіз марапатын көрген жазушының да өмірден қайтқанына біршама уақыт өтті. Иә, бүгінде оған еліктеп, ешкім жүн жемпірдің сыртынан тыртыстырып пиджак кимейді. Десек те Хэм ағайдың портреті кей оқырмандардың қабырғасында әлі де ілулі тұр. Кейде әр заманның жазушысы сол уақыттың ағынымен ағып кете барады дейміз. Әсілі, бұл пікірдің өзі кей авторларға (классиктерге) қатысы жоқтай. Толстой, Достоевский, Чехов, Абай, Әуезов... Бұл тізімде Хемингуэй де бар.
Хемингуэйдің «Америкасын» қазақ оқырманынан бұрын Мәскеу таныды. «Америкасын» деп сенімді айта алмайтынымыз – ол Америкада туып, өссе де, Америка туралы көп ештеңе жазбаған. Біршама жылдар Гаванада тұрған һәм үлкен шаһарларда жиі саяхаттаған жазушы Нью-Йоркті «алдамшы қала» деп санап, тіптен ұнатпапты. Ал Парижді ерекше жақсы көрді. Жүрген-тұрғанын жұртқа жария еткісі келмейтін, өзі қаламай-тын адамдарға бір минут уақытын қимайтын ол бірде сәті түсіп, жазушы Лилиян Роспен кездескенде: «Парижге қайта-қайта оралғанды жақсы көремін. Ол жақта ешкімнің сұрағына жауап бермеймін. Әрі мен жөнінде ешкім ешнәрсе білмейді де. Баяғы бір кездердегідей, шашыңды бір рет те қидырмай, алқам-салқам жүре бересің. Ол қалада белгісіз бір кафелерге барып жүруді көңілім қалайды. Ондағы бар танысым – официант пен кезекші ғана. Әрқашан өзімнің тәуір көретін тамақтарым даяр тұратын, әрі жақсы, әрі арзан мейрамханалар тауып аламын. Қаланың о шеті мен бұ шетін жаяу аралап жүргенді жаным қалайды. Өйткені оның ана бір жерінде басыңнан қателік өткен болса, мына бір шетінде басыңа небір жақсы ойлар оралады», дейді.
Ал шығармадағы басты кейіпкерлері америкалықтар болғанымен, оқиғалық кеңістік өзге өңірлерде өрбиді. Оның Ф.Купер, М.Твен, Т.Драйзер, О’Генри, сондай-ақ замандастары Ф.Скотт Фицджеральд, У.Фолкнерлерден өзгешелігі де осында.
1959 жылы Мәскеуде оның қара қостомдығы жарық көріп, дүн-дүниеде әдеби пейзажды өзгерткен «жер сілкінісі» болды. Кітабы мың-миллион данамен таралып, алыс-жақын тілдерге аударылып жатты. Осылайша, Хэм ағай қазақ жеріне де жетті. Оның «Килиманджаро – қарлы тау» повестер мен әңгімелер жинағын Нәбиден Әбуталиев, «Шал мен теңіз» повесін Нығмет Ғабдуллин, «Қош бол, майдан!» романын Құрманғазы Қараманұлы аударған. Әлқисса.
Оның өмірі қым-қуыт бақытты-бақытсыз оқиғаларға толы. Жеті роман жазып, төрт әйелмен бас құраған, үш соғысты көрген, екі рет қатерлі ұшақ апатынан аман қалған жазушы отбасының ортаншысы еді. Әкесі Кларенс – шипагер, шешесі Грейс композитор болатын. Ол бақуатты отбасында ержетті. Ұлының ойын-сауыққа аса үйір еместігін байқаған әкесі оған аңға шығуды, балық аулауды, орман аралап, тау кезуді үйретеді. Оңтүстік Мичиганның байтақ даласын кезіп өскен болашақ жазушы табиғатпен өте жақын болды. Шың-құздың биігі, өзен-судың гүрілі мен құстардың әніне елітіп өсті. Содан болар, Хемингуэй туралы естелік жазушылар оның адамдардан гөрі аңдармен көбірек тіл табыса алатынын, «Бір кезде Монтанада тұрғанда бір аюы болғанын, аю онымен бірге жатып, бірге тұрып, тіпті арақты да бірге ішіп, екеуі жақсы «дос» болғанын» айтады. Ұнататын істерінің бірі аңшылық болғаны да жұртқа аян. Қалай аң аулау туралы өз тактикасы да болған деседі. Ол айтады: «Арақ ішкеніммен, шылым тартпаймын, шылым шегу адамның иіс-қоңысты сезу қабілетін нашарлатады, ал иісті жақсы сезу аңшыға ауадай қажет».
Оның замандастарында соғысқа қатыспағандар аз. Өзі де соғысты көрді, майдан кешті, бірақ соғыс туралы жазбады. Дәлірек айтсақ, соғыстың қатыгез картинасын емес, оның салдарынан зардап шеккендердің «бейбіт өмірін» басынан өткізді. Бұған «Күн де шығады» (1926) атты алғашқы романы мен кейінгі әңгіме, повестері, ал соның ішіндегі «Қош бол, майдан!» романы тақырыптық тұрғыдан толық дәлел. Әлем әдебиетіндегі соғыс тақырыбындағы шығармалардың шоқ жұлдызы – «Қош бол, майдан!» туралы сөз еткенде «жоғалған ұрпақтың» өкілі Э.М.Ремарк еріксіз еске түседі («Батыс майданда өзгеріс жоқ»). Екеуінің де романы 1929 жылы жазылып, жарияланған. Тағдырлары мен шығармашылық жолдары да бірдей. Айырмашылығы: Ремарк қаламынан туған «Батыс майданда өзгеріс жоқ», «Қайтқанда» романдары соғысты барлық сұмдық суретімен әшкере етті. Ал бұл Хэм ағайға, өз сөзімен айтқанда, «нені жазбау керегін» сездірді. Сондықтан ол соғыстың қанды картинасын жасауға тырысқан жоқ, тек салдарын жазды. «Күн де шығады» (Фиеста) мен «Қош бол, майдан!» осынысымен ерекше. Оның өмірін зерттеушілердің сөзінше, отбасындағы қайғы мен қасіреттің салмағы есеңгіреткен жазушыны күйзеліс күйінен құтқарған осы қолжазба нұсқасындағы «Қош бол, майдан!» екен. Ол бұл шығармасын тұп-тура 17 рет өңдепті.
Адамның өмірі – әділетсіз күрес. Бұл ойды, әсіресе, «Шал мен теңізді» оқып отырып түйсінгендей боласың. Мәселен, шал күнде жамау-жамау желкенін көтеріп келе жатады. Оның бұл сықпытына біреу күлер, біреу аяр. Бірақ автор шал күйреуге жаралмаған дейді. Сантьяго теңізге шыққан сол сексен бесінші күні салмағы жарты тонна, ұзындығы он сегіз фут жайын балық қармағын қауып, онымен үш күн теңізде жүзіп, сосын гарпунмен түйреп өлтіріп, қайығына таңып алып, кейін алты акуламен аяусыз айқасып жеңгенімен, аяғында олардан жеңіліп, лашығына сүйретіліп әрең жетеді. Сонда «Бірақ адам күйреуге жаралмаған. Адамды құртуға болар, ал жеңуге болмайды» дейтін әйгілі хемингуэйлік тәмсілді дәлелдеген де осы Сантьяго еді. Ақиқатында, автор теңіз бетінде тірідей алты акуламен айқаспаса да, тіршілігіндегі оның көрген қиындығы асып түспесе, кем емес. Жазушы мен Сантьягоны бөліп қарамайтынымыз да содан. «Мен де Клеменсо сияқты сексен бес жасқа келгенге дейін тұғырдан таймаған еркек болып қалсам деймін. Бірақ Берни Барух тәрізді болғым келмейді... Бұл жалғанда бәрі де өтер-кетер, баяғы бет біткеннің сұлуы болған Флойд сияқтанып, бір кезде менің де сүйегім қурап қалар. Бас сауғалау деген тек аузынан ана сүті кетпегендердің ісі ғой. Қорғаған шебіңді ұстап тұруға болмаған кезде, қайтсең де оны жауға қымбатқа түсіретінің сияқты, бұл өмірден сыйлы болып кететін кезегі келгенде де кім жанын аяйды дейсің. Өлу – деген қиын жұмыс емес». Хемингуэй осы ойын айтқанда «Шал мен теңіз» жазылмаған еді. Кейін тұп-тура 8 аптада жазып шыққан бұл повесін «ғұмырымда көңілім толған шығармам» деп іштей марқаяды. Атағы да аспандай түседі: әуелі «Пулитцер» сыйлығын, 1954 жылы «Нобель» әдеби сыйлығын еншіледі.
1956-1957 жылдары ол жиі сырқаттанып, төсек тартып қалып жүрді. Арақ денсаулығын ойрандағандықтан, жоғары қан қысымы, бауыр ауруы, артерия секілді аурулар оны шыр айналдыра берді. Хемингуэй өмір бойы әкесінің өлімі өзінің басына түсе ме деген үреймен жүрді. Солай болды да. Ол аурудың бәрін ысырып қойып, 1961 жылы 2 шілдеде жақсы көретін қаруымен өзін атып өлтірді.
Стилі ерек, көзқарасы өзгеше жазушы 62 жылдық аласапыран ғұмырында күллі әлем оқырманы үшін өлмес шығармалар қалдырып, бір оқты құшағына қысып кете барды. Ол кейіпкерлерін табанды, батыл, жаужүрек қылып тәрбиеледі. Адамдарға күрескерлікті, ең бастысы жеңілмеуді үйретті. Өзі де сондай болуға тырысты. Тап бір өмірдің әділетсіз күрес екенін білгендей.