Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының қолдауымен жастар арасында шешендік пен ұтқыр ой иелерінің сайысы – ауыспалы кубогы өтті. Осымен 19-рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға жастар белсене атсалысты.
Пікірсайыс жастардың ой өрістерін дамытуға және өз ұстанымдарын білдіруге жәрдемдеседі. Сонымен қатар кез келген жағдайды, проблеманы әртүрлі жағынан талдауға және жаңа идеяларды қабылдауға икемдейді.
Шешендік пен ұтқыр ой иелерінің сайысына еліміздің барлық аймағынан 40 команда қатысты. Биыл турнир Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтті.
Турнирдің негізгі ұйымдастырушысы – Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанаты. Сондай-ақ турнирдің өтуіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Alpha academy компаниясы қолдау көрсетті. Аталған компания әр қатысушыға сертификат табыстады. Жасотандықтар, белсенділер, студенттер және дебат клубтарының өкілдері өзекті мәселелерді талқылап, қазіргі міндеттерді шешу бойынша өз көзқарастарын білдірді.
Турнир барысында жастар «Әлемнің онлайн форматқа толық көшуі», «Барлық қазақстандықты міндетті түрде вакциналау», «Ел мектептерінде буллингтің алдын алу бойынша тиімді тәсілдер әзірлеу» және басқа да өзекті тақырыптар бойынша ойларын бөлісті.
Jas Otan қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, пікірсайыс жастардың әлеуетін іске асыруға, жаңа көшбасшыларды тәрбиелеуге көмектеседі және қоғамның өзекті сұрақтарына жауап береді.
«Пікірсайыс жастарға өз көзқарастарын жеткізуге көмектеседі. Олардан болашақ саясаткерлер, көшбасшылар қалыптасады, сондықтан пікірсайыс қозғалысын қолдау қажет. Бізге жастар ұйымы ретінде жас белсенділеріміздің өзара пікір алмасуы аса маңызды», деп атап өтті Н.Жетпісбаев.
Турнир қорытындысы бойынша қазақтілділер лигасында бірінші орынды Жамбыл облысы иемденді, екінші орын Ақтөбе облысының дебатшыларына бұйырды, үшінші орын – Түркістан облысында.
Орыстілділер лигасында бірінші орынды Қостанай облысының командасы иеленді, екінші орынға Солтүстік Қазақстан облысының дебатшылары ие болды, үшінші орын – Нұр-Сұлтан қаласының еншісінде.
Пікірсайыс қорытындысында жүлделі орындармен қатар, үздік спикерлер мен үздік төреші де анықталды.