Шартарапты шарлаған індетпен күресу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұжым болып коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Нақтырақ айтсақ, 15 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының әртістері мен әкімшілік бөлімінен барлығы 32 адам коронавирусқа қарсы екпе ектірді. Олар өзара таңдау жасап, ресейлік Спутник V және қытай технологиясы бойынша өндірілген араб елінің Hayat Vax вакцинасын, сонымен қатар қазақстандық өнім QazVac вакцинасын да салдырды.
Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Асылхан Төлепов, Ермахан Аймахан осыдан бірнеше ай бұрын Спутник V вакцинасының бірінші кезеңін алған болатын. Олардың пікірінше, жаппай вакциналау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана пандемияны жеңеміз.
Өнер иелері вакцинадан кейін өздерін жақсы сезінетіндерін айтты. Еске сала кетейік, тұрғындар вакцинаны кез келген пункттен ала алады. Қала бойынша 211 екпе пункті бар. Олар емханаларда, сауда орталықтарында, базарларда, мектептерде, мәдениет нысандарында орналасқан және күн сайын демалыссыз таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.