Бұл күндері Еуропа жасыл алаңдарында футболдан Қарт құрлықтың басты додасы өтіп жатқаны белгілі. Бүгін әдеттегідей екінші тур аясында жоспарланған үш матч өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сегізінші жарыс күнінің шымылдығын Е тобында сынға түсетін Швеция және Словакия құрамалары ашып береді. Алғашқы турда скандинавиялықтар Испания құрамасымен тең түссе (0:0), Словакия футболшылары сенсация жасап, Левандовский бастаған Польша құрамасын жеңіп кеткен болатын (2:1). Бүгінгі ойында Швецияға жеңіс ауадай қажет екені баршаға түстікті. Ал Словакия ертерек топтан шығу мәселесін қарастыратыны анық.
Бүгінге дейін екі ұжым жасыл алаңда алты рет кездескен. Соның үшеуінде Швеция жеңіске жетсе, үш ойын тең аяқталған. Екі құрама арасындағы соңғы матч 2018 жылдың күзінде өткен болатын. Жолдастық кездесу аясындағы бәсекеде 1:1 есебі тіркелген. Бір қызығы Швеция мен Словакия 60 жылдық тарихы бар Еуропа чемпионатында тұңғыш рет кездескелі тұр. Бұл матч QAZSPORT телеарнасында Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.
D тобының өкілдері Хорватия мен Чехия Глазгода үш ұпайға таласады. Бірінші турда Чехия Шотландиядан 2:0 есебімен басым түскен болса, Хорватия құрамасы Англиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған. Бүгінгі ойында 2018 жылғы әлемнің вице-чемпиондары қалайда үш ұпай олжалау үшін барын салады. Екі құрама арасында өткен кездесулер тарихына зер салар болсақ, бұл – Хорватия мен Чехия арасындағы төртінші текетірес. Бұған дейінгі үш ойынның біреуінде Хорватия үстемдік танытса, екі кездесу тең есеппен аяқталған. Бұл ойынды сағат 22:00-де Qazaqstan телеарнасынан тамашалай аласыздар.
Ал D тобының екінші ойынында Англия мен Шотландия құрамалары сынға түседі. Лондонда өтетін кездесудің басты фавориті ағылшындар екені ешкімге сыр емес. Дей тұрғанмен, Еуропа чемпионатына кіл мықты құрамалар жиналғанын, оның үстіне биылғы біріншіліктегі түрлі сенсацияларды ескерер болсақ, Шотландия футболшылары қарсыластарына үш ұпайды оңай бере салмайды. Англия мен Шотландия кездесуін түнгі сағат 01:00-де Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.