• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Маусым, 2021

Қостанайда ақын Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық кеші өтті

1072 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Жастар сарайында қазақтың белгілі ақыны, қарымды қаламгер Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған іс-шараға облыс басшылары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақынның Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларынан келген қаламдастары мен өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бірінші болып құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырды.

Президенттің құттықтау хатында «Құрметті Ақылбек Қожаұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Әріптестеріңіз өзіңізді бүгінгі заманымыздың көкейкесті мәселелерін көтеріп, қоғам дамуына үн қосып жүрген қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Туып өскен өңіріңізде өнер мен мәдениеттің кең қанат жаюына, ана тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне жан-жақты атсалысып жүрсіз. Қостанай мемлекеттік университетінде қызмет жасап, журналист болуға талпынған жастардың білікті мамандық иесі атануына үлес қостыңыз. Елдің бірлігін, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын, халықтар достығын, адамзат құндылығын арқау еткен өлеңдеріңіз жырсүйер қауымның оң бағасын алып отыр. Алдағы уақытта да тартымды туындыларыңызды ұсынып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін!» делінген.

Одан кейін Арман Әбенов аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатын табыстап, ақынның иығына шапан жапты.

Мерейтой иесіне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебіз хаты да тапсырылды.

Кешке арнайы келген ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Ақылбек Шаяхмет шығармашылығы хақында  ой толғады.

«Қостанайға қанша келіп жүрсем де, Ақылбекті қанша көріп жүрсем де,  асау бір толқынға қарсы жүзген қайраткер қайсарлықты көремін. Ол жалғызбын деген жоқ. Артында қалың ел барына сенді. Кейде маған Ақылбек мұзжарғыш кеме сияқты көрінеді. Тоң мен мұзды бұзып-жарып артынан жол салып келеді. Ал енді ол жол ашылғаннан кейін ол жолмен жүру кейінгі толқынға да, ел-жұртқа да жеңіл емес пе? Ақынның әдебиеттегі, мәдениеттегі, ұлттық тілді орнықтырудағы, ұлттық мүдделерді қорғаудағы жанкешті еңбегі ерекше. Қайраткерлігіңіз үшін, қайтпайтын, қажымайтын, талмайтын қайсарлығыңыз үшін және осындай азаматты берген Қостанай топырағы үшін біз – бүкіл қаламгерлер қауымы қарыздармыз деп есептеймін. Ақылбектің кеше ғана балаларға арналған кішілеу-кішілеу 20 кітабы жарық көрді. Бұл аз дүние емес. Биыл балалар әдебиетінің жылы. Соған лайықты үлесін қосып отыр. Ал енді оған дейін шығарған кітаптарының бәрін есептеген кезде 70 жылда 70 кітабы шыққан екен. Бір жастан бастап кітап шығара бастағансың ба деп әзілдейтін себебіміз осы. Румидің сөзі бар: «мен талай адамды көрдім үстінде киімі жоқ, мен талай киімді көрдім ішінде адамы жоқ», дейтін. Ол өмірден адам іздеп өткен ғұламаның біреуі. Ал енді Қостанай сияқты тың өңірінде өз оқырмандарының, өз кейіпкерлерінің ортасында біздің нағыз ауыз толтырып айтатындай, аты-жөнін алтын әріппен жазатындай адамымыз, ақынымыз, драматургіміз, аудармашымыз бар», деп тебірене сөйлеген Одақ басшысы ақынның кешін республикалық деңгейде өткізуге әркез атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Кеш  барысында Алматыдан келген ақын Қасымхан Бегманов, белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбілтай,  Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Бисетаев және басқалар сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін айтты. Ақынның шығармашылығы, тұлғалық келбеті туралы толғанып, қазіргі уақытта күллі республикалық басылымдарда қаламгер шығармашылығына орын беріліп, аты ардақталып жатқанын сөз етті.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтауы мен сый-сияпатын ала келген жетісулық меймандар да ағынан жарыла тілек айтты.

Құттықтаулар легі толастай бергенде мерейтой иесі ортаға шығып, әр кездері жазылған өлеңдерін оқыды.

Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындаған Алматы, Қостанай облыстық филармониясының әншілері шығармашылық кештің шырайын аша түсті.