ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Астана медицина университеті» КЕАҚ жанындағы Біріккен университет ауруханасының құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың жаңа стандарттарын енгізу мәселелері қаралды, оларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елімізде 20 ірі көпбейінді аурухана салу арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде 4 клиника еліміздің жетекші медициналық университеттерінің жанынан салынатын болады, бұл ғылымды, білім беруді және емдеу процесін кешенді түрде дамытуға, клиникалық зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай заманауи мекемелердің бірі «Астана медицина университеті» КЕАҚ жанындағы Біріккен университет ауруханасы болады.
Медициналық орталық JCI халықаралық стандарттарына сай, 800 төсектік тәуліктік стационарды, күндізгі стационарды, консультациялық-диагностикалық кешенді, ғылыми-зерттеу және клиникалық зертханаларды, аудиториялар мен оқу сыныптарын қамтитын болады. Жобаны 2023 жылдың І тоқсанында іске асыру көзделген.
«Халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи медициналық инфрақұрылымның болуы еліміздің бүкіл денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін түбегейлі мәнге ие. Алдымызда денсаулық сақтау инфрақұрылымын және медицина қызметкерлерінің біліктілігін жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер тұр, бұл халыққа медициналық қызметтерді сапалы жаңа деңгейде көрсетуге жол ашады», деді А. Мамин болашақ медицина орталықтарының шоу-румын тексеру кезінде.
Инспекциялық сапарға Премьер-Министрдің орынбасарлары Роман Скляр мен Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қатысты.