Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы Түркі әлеміндегі тарихи оқиғаға баланғаны мәлім. Ұлы Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі Түркістан бүгінде инфрақұрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналды.
Бұл орайда екі-үш жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріле, өсіп өркендейтіні туралы Елбасының даналықпен айтылған сөзі ақиқатқа айналды.
Киелі қалада ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп, қарқынды құрылыс жалғасуда. Елбасы Жарлығы Түркістан мен Шымкенттің қайта түлеуіне, жаңа ауданның құрылуына мүмкіндік берді.
Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Елбасы және түлеген Түркістан» мақаласында Түркістанды қайта түлету идеясын еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойған Тұңғыш Президент екенін айрықша атап өткен болатын. Мұның айшықты бір айғағы – Түркістанда 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы.
Бұл мақсатқа Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржы тартылғаны да белгілі. Тіпті Кеңес Одағының кезінде Тұңғыш Президентіміз «Әзірет Сұлтан» кесенесіне арнайы келген. Жағдайымен жан-жақты танысқан. «Содан бері бұл қалаға деген ықыласы барған сайын арта түскеніне, оның болашақ тағдыры жөнінде әрдайым терең толғанып келгеніне жанында жүрген үзеңгілес серіктерінің бәрі куә», дейді мақала авторы.
Иә, еліміз егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған бастамалар көтеріп, маңызды жобаларды бекітті. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде 1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқанын еске салды.
«Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті, бүгінгі саммит «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды», деді Президент.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Ал мерейтойдағы баяндамасы киелі қаланы биік белеске көтерді. Қаланың мерейлі мерекесінде Елбасының: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», деген сөзі ел есінде. Тұңғыш Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қамқорлығының нәтижесінде «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе. Мысалы, аталған бағдарлама аясында тəуелсіздік алған кезеңнен бері алғаш рет ел аумағындағы ескерткіштер түгенделді, өңірлер бойынша ескерткіштер жинағы əзірленді. Аумағында 1 663 тарих және мәдениет ескерткіш орналасқан өңірде туризм саласы 3 бағытта қарқынды дамуда. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытындағы тарихи-танымдық туризм, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру және Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сəйкес еліміздің тарихи жəне киелі жерлері біріктірілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылды. Тарихи мəліметтер негізінде жəне еліміздің беделді ғалымдары бірлесе жұмыс істей отырып, «Əзірет Сұлтан» музей-қорығындағы əрбір объектіні дамытудың тұжырымдамалық жоспары əзірленді. Оның ішінде must see нысандары ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар жəне Күлтөбе қалашығы сынды ірі тарихи объектілер бар. Нəтижесінде, ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мəдени, туристік жəне діни ескерткіші бар ежелгі шаһар жаңа келбетке ие болып, əлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін қалаға айналды.
Елбасының: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі», деген сөздері де жұрт жадында. Ал 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада Түркі академиясы құрылып, кейіннен оған Халықаралық мәртебе берілді. Елбасы 2010 жылы Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіндегі кездесуде ұлы бабаның өшпес өнегелері мен мұрасын меңгерудің жолдарын айқындады. Түркістанда республиканың зиялы қауым өкілдерімен 2011 жылғы наурызда сұхбат құрып, Ясауи ілімдеріне жүйелі түрде ден қойып, айналымға түсіру керектігіне назар аударды. Ұлы ойшылды «Қазақ даласының Конфуцийі» деп атады. Ахмет Ясауи кесенесі 2015 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізбесіне енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік Халықаралық ұйымның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті.
Түркістан облысына 2018 жылы жасаған сапары барысында Елбасы: «Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның іргесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұлама осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешім дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбелерде қазақтың тағдыры шешілген әйгілі жиындардың өткендігі тарихтан барлығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселелерін талқылап, шешіп отырды. Күлтөбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада нәубеттен кейін қазақтың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскермен Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түркістан – қазақтың көптеген аяулы перзенті мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есімхан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаздауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсы мен жайсаңы бар. Қарап тұрсаңыз, шын мәнінде Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік Президенттерінің барлығы осында келіп, тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түркі әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан – қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене – бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан – талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Халқымызда Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас Тұран даласының түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп таныды. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды. Біз өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі – дәл осы Түркістан. Сонымен құрметті ағайын, бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз себебін тигізетін болады», деді.
Облыс орталығы мәртебесін алған қастерлі шаһар бүгінде ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналуда. Қарқынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Осылайша, Елбасының тарихи шешімі шежірелі қаланың дамуына тың серпін берді. Күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың І кезеңі аяқталып, жоспарланған іс-шаралардың 40%-ы іске асырылғанын мәлім етті. Негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланып, 123 нысан салынды. Жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар бой көтеріп, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектар жасыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отырғызылды. Қалаға келуші туристер саны артты.
Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұзайдын сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. Б.Саттарханов даңғылы аумағында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар ботаникалық бақ, Парк Лейн коттедж кешені жобалары іске асырылады. Мәдени-рухани орталықта тарихи нысандар қайта жаңғыртылады. Тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделіп отыр. Қалпына келтіру жұмыстарын 2025 жылы 59 нысанда аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде, бас тарихи мәдени нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер саны едәуір арта түспек. Облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында жоғарғы жылдамдықты Түркістан – Шымкент – Ташкент темір жол магистралін және «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген. Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік орындық көпсалалы аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем стансасы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады. Сондай-ақ облыс әкімінің мәлімдеуінше, үш ауысымды және апатты мектептерді жою, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп бой көтереді. Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы, Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарланған. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені және басқа да объекті салынады. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орнын құруды, негізгі капиталға инвестициялар 3 есе және өнеркәсіп көлемінің 35%-ға өсуін, еңбек өнімділігінің 52,1%-ға ұлғаюын, халықтың нақты кірістерінің 54,8%-ға артуын қамтамасыз етеді. Кешенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнімнің нақты өсуі 6,3%-ды құрайды. Сондай-ақ өңірде 2025 жылға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың баспана пайдалануға берілмек. Түркістан қаласында мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде құны 40 млрд теңгеге жылу электр орталығын салу көзделіп отыр.
Осылайша, ұлылар ордасы, руханият астанасы Түркістан қарқынды құрылыс мекеніне де айналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қыркүйектегі Түркістанға сапарында қаланың іргелі орталыққа айналып келе жатқанын атап өткен болатын.
«Түркістанның жаңғыруы – Қазақстан халқының жеңісі деп білемін. Сол 2018 жылы қыркүйекте мен бүкіл азаматтарды жинап тапсырма беріп едім. Бұлжытпай орындалып келе жатыр, бұл елге салған инвестиция – халыққа салған инвестиция. Елдің ризашылығына ие болыңыздар», деген болатын Тұңғыш Президент. Бүгінде өңір халқы, оның ішінде түркістандықтар киелі қаланың дамуындағы Елбасы еңбегін ерекше бағалап, инвесторларға, тапсырманы орындаушыларға ризашылықтарын білдіруде.
Түркістан облысы