Соңғы аптада Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны өткен аптамен салыстырғанда 11 пайызға көбейіп кетті. Өңірде ковидке қарсы вакцинаның екінші дозасы тапшы.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, өңірдегі 4 карантиндік стационарда 32 адам, 18 инфекциялық стационарда 419 адам жатыр. Науқастардың көпшілігі, яғни 360 адам Орал қаласындағы ауруханаларда жатыр.
«Жыл басында біздің инфекциялық стационарларда орта есеппен 180 адам ем алатын, бірақ қаңтардың соңына қарай күрт көбейіп, 410 адамға дейін жетті. Қазіргі ахуал да осындай. Жан сақтау бөлімінде әзірленген 72 кереуеттің 31-і бос емес», деп мәлімдеді Арман Талғатұлы.
Өңірде жыл басынан бері Сovid-19 дертінен 185 адам қайтыс болған. Марқұмдардың ең көбі (56 адам) мамыр айында тіркелді. Олардың 135-і – жасы 65-тен асқан адамдар. Мамандар өлім-жітімнің көптігін науқастардың дәрігерге дер кезінде қаралмауынан және қосымша созылмалы дерттерінің асқынуынан деп отыр. Қазір күн сайын облыстық инфекциялық ауруханаға орта есеппен 31-32 науқас қабылданып жатыр.
Өткен аптада өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың қатары қайта көбейе бастаған. Қоғамдық көліктерде адамдардың көбі маскасыз жүр. Тұрғындардан маска тағуды талап етпеген жолаушы тасымалдаушы компанияларға енді субсидия берілмейді. Бұл туралы облысы әкімі Ғали Есқалиев өткізген жедел штаб отырысында айтылды.
А.Қалибековтің айтуынша, 12 маусымда қытайлық CoronaVac вакцинасының 8 мың дозасы жеткізілген.
Соңғы кездері түрғындардың вакцина алу қарқыны да төмендеген. Мәселен, сәуір айында күніне 3 мыңдай тұрғын вакцина алған болса, қазіргі күнде күніне 1 мың адам, сенбі-жексенбі күндері 400-дей тұрғын вакцина алады екен.
«Коронавирустың құрбаны болған тұрғындарымыз аз емес. Мәселен, қаңтарда – 28, наурызда – 30, мамырда – 56, маусымда 14 адам инфекциядан көз жұмды. КВИ ауруынан кейін науқастардың көбінде артерия тромбозы, өкпе зақымдануы (фиброз) байқалады. Сондықтан тұрғындарды карантиндік шараларды сақтап, босаңсымауға шақырамын», деді басқарма өкілі.
БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, соңғы аптада өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуі байқалады. Мәселен, 1-7 маусым аралығында өңірде 634 инфекция жұқтырса, 8-14 маусым аралығында 712 адам ауруға шалдыққан. Өсім 11%-ды құрайды.
Қала әкімі Абат Шыныбековтің берген мәліметі бойынша жыл басынан бері карантинді бұзудың 187 фактісі анықталып, 6 млн теңгеден аса сомаға 123 хаттама жасалған.
«Соңғы кездері тұрғындар карантин талаптарына қарамастан үйлену тойларын өткізе бастады. Деркөл кентіндегі «Әмина», Зашаған кентіндегі «Марсель», «Айзат», Жұлдыз шағын ауданындағы «Наурыз» мейрамханасы бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді. Шектеу шараларын бірнеше рет бұзған «Кімге 30» кафесі бойынша материалдар сотқа жіберілді. Кафенің иесіне айыппұл салынып, қызметі тоқтатылды», деді А.Шыныбеков.
Өңір әкімі Ғали Есқалиев мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажет екенін айтты.
«Тұрғындарымыздың көпшілігі коронавирус инфекциясымен ауырсам да, емделіп шығамын ғой деп ойлайды. Бірақ сарапшылар бұл аурудың зардабы бірнеше жылға созылатынын айтуда. Әлі толық зерттелмегендіктен, оңалту шаралары да науқастардың бәріне бірдей келе бермейді. Әр науқастың денсаулығын ескеріп, жеке қарауға тура келеді. Біз эпидемия кезінде өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барынша босаңсымай, өзімізді және жақындарымызды қорғауымыз қажет. Бұл үшін таза ауада көбірек болып, дене жаттығуларын жасап, үнемі маска тағып, сақтанып жүргеніміз жөн», деді облыс басшысы.
Вакцинаның екінші компонентін ала алмай жүрген тұрғындар шағымы да облыс басшысының назарынан тыс қалмады. Бұл мәселені кезек күттірмей, шұғыл шешу облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қалибековке тапсырылды.
Батыс Қазақстан облысы