• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Театр 22 Маусым, 2021

Кукart фестивалінде өнер көрсетеді

230 рет
көрсетілді

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінде бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. 86 жылдық тарихы бар театр таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен өнер көрсетіп жүр. Театр ұжымы маусым айының 7-13 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Қазан қаласында өткен «Науруз» түркі халықтарының фестивалінде «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклімен онлайн форматта бақ сынады.

Ұлттың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздеріне негізделген қойылым театр сын­шы­лары мен фестивальға қаты­сушылардың тарапынан жоғары бағаға ие болды.

«Науруз» – Ресей Федерация­сына қарасты ұлттық театр­лар­ арасындағы жалғыз ауқым­ды театр фестивалі. Фести­вальге Қа­­зақ­стан, Қырғызстан, Әзер­бай­жан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Тәжікстан және Ресейдің ұлт­тық республикаларынан 25 театр қатысты. Додаға қатысуға өті­­нім жіберген еліміздегі 33 театр­­дың ішінен  халықаралық  сыншылар комиссиясы ірікте­ген Қуыршақ және Қаллеки театрлары сараптамадан өтіп, арнайы ша­қыр­ту алған.

Сондай-ақ өнер ордасы алдағы 22-30 маусым күндері аралығында  Ресейдегі Халықаралық «КУКART» қуыршақ театр фести­валіне жол тартпақ. Үздіктер бас қосатын өнер ордаларының қата­рында Мемлекеттік қуыршақ театрының атынан «Ромео мен Джульетта» (реж.Д.Жұмабаева) қойылымы қатысады. Спектакльдің тақырыбы мен көрерменге берер ойы, мазмұны мен маңызы ерекше.

Айта кетейік, «Ромео мен Джульет­та» – театр репертуарына 2019 жылдың 24 қаңтарында қосылған ересектерге арналған спектакльдердің бірі. Қойылым сұлу­лық пен тазалыққа табынудан, албырттығы жарасқан екі ғашықтың тағдыры арқылы әулет пен тобырдың бітпес дауын арқау етуден туындаған. Жарыққа шық­қалы бірнеше Халық­аралық театр фестивалінде бақ сынаған спектакль қуыршақ театрының жаңа бағыттағы батыл тәжірибелерін көрсетіп келеді.

КУКART халықаралық қуыр­­шақ фестивалі – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайы­рымдылық бағыттағы ком­мер­циялық емес жалғыз фестиваль. Биыл фестивальге 27 жыл толады. Ол көп ұлтты Ресейдің әр­түрлі аймақтарындағы қуыршақ театр­ларын біріктіреді. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальда Ресей Федерациясының құра­мындағы 10-нан астам театр ұжымымен қатар, Израиль, Гер­мания, Болгария, Финляндия, Эстония, Қытай, Сербия театрлары өнер жарыстырады.  Мәдени жобаның бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрады: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» қойы­лымы негізгі бағдарламаға енген. Спек­такль 27 маусым күні Зазер­калье театрының сахнасында қойы­лады.   

Театр фестивалінің басты мақ­саты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.

Фестиваль аясында қойылым­дардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. іс-шаралар ұйым­дас­­­тырылмақ.