Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне 2020-2022 жылдары төрағалық етуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында онлайн-форматта АӨСШК Жастар кеңесінің IV отырысы өтті. Отырысқа АӨСШК мүше-мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыптары: БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына әртүрлі деңгейде (ТДМ) қол жеткізу, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге, атап айтқанда ТДМ шеңберіндегі экологияға байланысты жастардың тәжірибесі мен рөлі.
Отырысқа Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов төрағалық етті. Сондай-ақ іс-шараға қатысушыларға АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай бейнежолдау жасады.
Өз сөзінде Асхат Оралов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы аясында мемлекеттерді «ағымдағы сын-қатерлерді, соның ішінде жастар мәселелері бойынша қиындықтарды еңсеру үшін күш-жігерді шоғырландыруға» шақыру бастамасын атап өтті.
Бұдан басқа Қазақстан волонтерлер рөлін мойындау нышаны ретінде БҰҰ-ға волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынды. Өз кезегінде Қазақстан 2020 жылы жариялаған Волонтер жылының тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және АӨСШК-нің 30 жылдығы қарсаңында биыл 1 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайының аумағында АӨСШК-ге мүше 27 мемлекет өкілінің қатысуымен АӨСШК аллеясын ашудың салтанатты рәсімі өтті.
Жаһандық экологиялық проблемалардың өзектілігін назарға ала отырып, жастар кеңесінің төрағасы 2021-2022 жылдары АӨСШК елдерінің жастарын тарта отырып, «Таза планета» бірлескен экологиялық акциясын өткізуді ұсынды. Бұл акция әр азаматтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша АӨСШК-ге қатысушы елдердің тұрақты дамуының маңызды негізі болмақ.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды. Отырысқа қатысушылар АӨСШК-нің жастар ұйымдарымен диалог пен әріптестік қатынастарын жандандыруға, сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік, экологиялық және мәдени салаларға қатысуын қолдауға уағдаласты.
Жалпы, қатысушы делегаттар талқыланған мәселелер АӨСШК елдерінде жастар саясатын ілгерілету үшін өзара қызығушылық тудыратынына сенімді.
АӨСШК туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткені белгілі. Бұл бастаманың қозғаушы күші Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді әрі қолайлы құрылым құруға ұмтылу болды.
АӨСШК Жастар кеңесінің үшінші отырысы 2018 жылы 13-14 сәуірде Баку қаласында өтті, оның қорытындысы бойынша АӨСШК-ге қатысушы елдер жастарының қажеттіліктерін ескеретін ұсыныстар әзірленді.
Отырыс басында қатысушыларға Қазақстанның мәдени және туристік танымал жерлері туралы бейнеролик көрсетілді.