Былтыр коронавирус жаңа басталған тұста бар салмақ дәрігерлерге түсіп, олар дерегі белгісіз дертпен күресте мыңдаған жанды ажалдан арашалап қалды. Эпидахуал өршіген кезде айлап үй бетін көрмей еңбек еткен медицина мамандарының арасында осы індет тырнағына ілініп, көз жұмғандар да бар.
Олар ақырына дейін өздерінің антына адал болды. Қызылорда қаласында медицина мамандарының кәсіби мерекесі күні өзгенің саулығын қорғай жүріп, өз өмірін қиғандардың ерлігін еске салып тұратын ескерткіш ашылды.
Қызылорда жоғары медициналық колледжі ауласынан орын тепкен ескерткіш белгінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, сала ардагерлері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары медицина қызметкерлерінің ел денсаулығын сақтау жолында атқарған қызметіне лайықты баға беріп, олардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде бүгінде өңірде ауру деңгейі төмендегенін атап өтті. Сала ардагерлері Тұрғанбай Маханов, Раиса Көзденова дертпен алысқан әріптестерінің еңбегіне табыс тіледі.
– Мен ел саулығы жолында өмірін қиған әріптестерімізді бүгінгі заманның батырларына теңер едім. Олардың ерлігін ұмытпауға, ел болып ұлықтауға арналған ескерткіш үшін медицина қызметкерлері атынан алғыс білдіремін, – деді Т.Маханов.
Індетпен күресте жан қиған дәрігерлерге ескерткіш орнату идеясының авторы – Q-Med медициналық орталықтарының директоры Раушан Базарбай. Ол өзгеге жарық сыйлап, өздері мерт болған әріптестерінің ерлігін еске салатын мүсінді дайындауға, орнатуға өз қаражатын жұмсады. Ал дизайнын жасаған – белгілі суретші Әлібек Қойлақаев. Оның қиялынан туған дүние Қызылорда қаласындағы «Надыр» компаниясында мүсінге айналды.
Қорғаныш костюмінде Жер шарын құшақтап отырған дәрігер бейнесінің болашақ мамандар дайындайтын оқу орны ауласына қойылуында мән бар.
– Мен дәрігерлердің індет өршіп тұрған кездегі жанқиярлық еңбегіне талай мәрте куә болдым. Сондықтан да мыңдаған жанды індет тырнағынан арашалап, өздері құрбан болғандарға құрмет көрсету былтырдан бері ойда жүрген іс еді Соның сәті бүгін түсіп жатыр. Осы колледжде білім алып жатқан болашақ мамандарға антына адал болған аға буын әріптестерінің ерлігі үлгі болады деген ойдамын, – дейді Р.Базарбай.
Сыр өңірінде коронавируспен күреске жұмылған мамандар арасынан 19 медицина қызметкері қайтыс болды. Шараға олардың туыстары қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
ҚЫЗЫЛОРДА