«Астана Опера» театры елорда күніне орай ауқымды мерекелік бағдарлама әзірледі. Өнер ұжымы қала тұрғындарына арнап әлемнің 5 елінен келген әртістердің қатысуымен Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсын тегін көрсетпек.
Астана күнін мерекелеу аясында 4 шілде күні сағат 18:00-де театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының ашылуына орай салтанатты Гала-опера өтеді. Концертке Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Франческо Мели, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия), Алексей Шаповалов (Ресей), Бадрал Чуулунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қазақстан-Қырғызстан), Бауыржан Әндержанов (Германия-Қазақстан), Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова (Қазақстан) секілді әлемдік әрі қазақстандық өнер жұлдыздары қатысады.
Орындаушылардың жұлдызды құрамы Орталық қалалық саябақтағы Амфитеатр сахнасында да өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 5 шілде күні сағат 20:00-де Гаэтано Доницеттидің екі бөлімді «Дон Паскуале» операсын ұсынады. Басты партияларды орындаушылар: Норина – Либуше Санторисова (Чехия), Эрнесто – Эцуо Дои (Жапония), Малатеста – Алексей Шаповалов (Ресей), Дон Паскуале – Антуан Бернхейм (Швейцария), Карлито – Ерұлан Кәмел. Дирижер – Коррадо Вальво (Италия).
«Бұл – осындай дарынды халықаралық әншілер құрамымен алғашқы ынтымақтастығым. Ашық аспан астында өнер көрсету кезінде ең қиыны – әншілер мен оркестр арасындағы теңгерімді табу. Өз басым опералық спектакльдер үшін италиялық стильдегі театрды құп көремін, бірақ жаз мезгілінде бізде Италияда опера сахнасы ретінде қолданылатын ежелгі грек және ежелгі рим театрлары бар. «Дон Паскуале» – Г.Доницеттидің керемет әуезді конструкцияларға, әсерлі драматургиялық құрылымға, кейіпкерлердің психологиялық және патетикалық тереңдігіне ие пісіп-жетілген шығармасы. Бұл – стилистикалық тұтастыққа құрылған жаңа романтикалық сезімталдықтың нәтижесі. Осының бәрі Доницеттиді Вердидің ұлы ізашары әрі он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысындағы ұлы италиялық опера композиторларының бірі етеді», деді маэстро Коррадо Вальво (Италия).
6 шілдеде Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында өтетін мерекелік Гала-концертке театрдың жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрдің орындауында қазақстандық авторлар мен батысеуропалық классик композиторлардың танымал опералық ариялары мен дуэттері, аспаптық әрі хорға арналған шығармалары шырқалады.
Мерекелік 6 және 7 шілде күндері «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында афишаға екі бірдей қойылым – «Күміс ғасыр балеттері» топтамасынан М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» мен Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехерезада» бір бөлімді балеттері енгізілді.