• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 23 Маусым, 2021

CoronaVac вакцинасы жеткізілді

209 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанның медициналық ұйымдарына Қытайдың Sinovac биофармацевтикалық компаниясы әзірлеген CoronaVac коронавирусқа қарсы вакцинасының алғашқы партиясы келіп түсті.

Денсаулық сақтау министрлігі Қа­зақ­стан аумағында қолдануға мақұл­даған бұл препарат коронавирус инфек­циясына қарсы вакциналау үшін қолжетімді препараттардың төртінші­сі. Биыл 11 маусымда Шығыс Қазақстан­ға қытай вакцинасының бірінші және екінші компонентінің 38 мың дозасы жеткізілді. Қазіргі уақытта екпе бар­лық медициналық ұйымға таратылды. Бұл туралы баспасөз конференциясын­да Денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының орынбасары Елмира Ра­хымбаева хабарлады. Оның айтуын­ша, бұл партия өңірдің 19 мың тұр­ғынына жеткілікті. 9 мың 500 доза Өс­ке­менге, дәл сонша доза Семейге берілді.

CoronaVac препаратымен вакциналау 14-28 күн аралығымен екі кезең­де жүргізіледі. Вакцина ауыр аллергия­лық реакциясы бар адамдарға, ауыр невро­логиялық аурулары барларға, жүкті немесе бала емізетін әйелдерге, 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Иммундық деңгейіне қарай онкология, АИТВ, ЖИТС бар азаматтарға CoronaVac екпесін сақтықпен алу керек. Процедурадан бұрын учаскелік дәрігермен кеңескен дұрыс.

Е.Рахымбаеваның мәліметінше, бү­гінде облыс тұрғындары вакциналаудан өту үшін қалалар мен аудандардың барлық медициналық мекемелерінде Спутник V және CoronaVac препараттарын таңдай алады.

– Ақпанның басынан бастап біз отан­дық QazVac вакцинасының 6 мың дозасын, 38 мың доза CoronaVac, шамамен 82 мың доза Спутник V препараттарын алдық. Тағы 82 мың доза Hayat-Vax болды. Қазір бұл препараттармен вакциналау процедурасы аяқталды. Барлығы – 208 мың доза. Бізде ресейлік препараттың 59 мың дозасы бар. Кеше Спутник V екпесінің екінші компонентінің 40 мың дозасын алдық, – деп атап өтті ол.

Осылайша, өңірдің 198 мың тұрғыны коронавирустан қорғалды. Қазанға дейін 747 мың шығысқазақстандықты егу жоспарлануда. Халық үшін қолже­тім­ділік пен жайлылықты арттыру үшін егу пункттерінің саны үнемі артып келеді.

Өскемен қаласының №2 емхана­сы­ның учаскелік қызметінің бөлім мең­­герушісі Әйгерім Шәріпованың ­айтуынша, вакциналау басталғаннан бері емхананың егу пунктінде 9 мың­ға жуық адам иммундаудан өтті.

– Алдымен біз медицина қызмет­керлерін, педагогтерді, полиция мен әс­кери қызметкерлерді вакциналадық. Қазір қала тұрғындарымен белсенді жұмыс істейміз. Адамдар бізге сенбі және жексенбі күндері де келеді. Ың­ғайлы болу үшін егу пункті күн сайын­ 20.00-ге дейін ашық. CoronaVac вак­цинасының бірінші және екінші ком­понентін алдық, – деді Ә.Шәріпова.

Сонымен қатар Өскемендегі «АДК-River», «Император» және «Евра­зия» сауда үйлерінде орналасқан ме­ди­­­ци­налық нүктелерде вакциналау орта­лы­ғы ашылды.

– Барлық егу пунктінде вакци­на жеткілікті. Біз созылмалы аурулары бар адамдарға егуді көздеп отырмыз. Өйт­кені бұл санаттағы адамдарға індет тез жұғады, – деді Е.Рахимбаева.

Айта кетерлігі, мамандардың жасап отырған мониторингіне сенсек, вакцина алынған аумақтарда коронавирус ауруының саны соғұрлым аз секілді. Сондықтан да медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері кәсіп­орындарда екпе алу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларымызды осы аурудан ба­рынша қорғауымыз керек екенін атап өтті. Жақында мұғалімдермен сөйлестік. Осы орайда оларды ешкім мәжбүрлемейтінін атап өткім келеді. Өйткені вакцина ерікті түрде алынып жатыр, – деді Е.Рахымбаева.

Коронавирустың салдарынан кей­біреуі реанимацияда айлап жатыр. Содан кейін толық қалпына келуі үшін бір жыл қажет көрінеді. Вирус өте қауіпті. Иммундық жүйеге де әсері бар. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адамға вирус жұқса да жеңіл өтеді.