Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық рейтингке сәйкес Токиодағы Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алған дзюдошылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz ҰОК-қа сілтеме жасап.
Олимпиадалық рейтингке сәйкес алты қазақстандық дзюдошы лицензиаттар қатарына енген. Атап айтар болсақ, 60 келіде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев, әйелдер арасында 48 келіде Отгонцэцэг Галбадрах олимпиадалық рейтингте тиісті ұпай жинаған. Ал 81 келідегі Дидар Хамзаға құрлықтық квота берілді.
«Жолдама дзюдошылардың Олимпиадалық рейтингтегі орындарына сәйкес үлестірілді. Өздеріңіз білетіндей, дзюдодан Олимпиада ойындарына олимпиадалық рейтингте үздік 18 спортшы жолдама алады. Дзюдошылар 2018 жылдың 25 мамырынан Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес рейтингтік жарыстарда ұпай жинады.
Бір салмақ дәрежесінде бірнеше спортшы үміткер болғанымен, шарт бойынша кімде ұпай көп, сол спортшыға төрт жылдықтың басты бәсекесіне қатысуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, ерлер арасында 60 келіде Елдос Сметов негізгі үміткер болса, Ғұсман Қырғызбаев қосалқы тізімде, 66 келіде Ерлан Серікжанов негізгі тізімге енсе, дәл осы салмақта Елдос Жұмақанов қосалқы тізімге енген.
Қазақстан сапынан Токио Олимпиадасына қатысатын құрам олимпиадалық рейтингке сәйкес жақын арада белгілі болады», дейді бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев.
Отандық дзюдошылар 2018 жылдың 25 мамырынан бастап түрлі халықаралық сындарда бақ сынап, рейтингтегі жағдайын жақсартқан болатын. Нәтижесінде, олимпиадалық рейтинг бойынша лицензияға ие болған спортшылар есімі анықталды. Алайда, төртжылдық додасына әр елден тек бір спортшының қатысатынын естеріңізге саламыз.
Дзюдошылар Олимпиада ойындарында барлығы 14 салмақ ( ерлер - 7, әйелдер -7) бойынша өзара мықтыны анықтайды. Үш жыл көлемінде бес құрлықтағы 110 мемлекеттің спортшылары Олимпиада аренасында бақ сынау үшін тер төкті.
Алғашында іріктеу кезеңі 2020 жылдың маусымында аяқталуы тиіс болатын. Кейін 2021 жылдың маусымына дейін жалғасып, Венгриядағы әлем чемпионатынан кейін ұпайлар есепке алына бастады.
Осылайша, Токио татамиінде сынға түсетін спортшылар есімі жарияланды.