Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының он алтыншы кездесуіне қатысты, деп хабаролайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев 2021 жылғы 23 маусымда Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының он алтыншы кездесуіне қатысты.
Іс-шара барысында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалға байланысты ауқымды мәселе талқыланды.
Тараптар терроризм, сепаратизм мен экстремизм, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Ауғанстандағы ахуалды тезірек реттеу – ШЫҰ аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың негізгі факторларының бірі екені атап өтілді. Осыған орай тараптар осы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қалпына келуіне септігін тигізетін нақты шаралар жоспарын келісу жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.
Әсет Исекешев әріптестеріне ШЫҰ қызметінің маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымдарын жеткізді және еліміздің мүдделерін ескере отырып, Ұйымды одан әрі үйлесімді дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы COVID-19 індетінің теріс әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, маңызды экологиялық проблемаларды шешу сияқты мәселелер бойынша бірлесе атқаратын шараларға назар аударды. Сондай-ақ әріптестерін кибер қылмыстарға және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдарды күшейтуге, жалпы ШЫҰ кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды.
Әсет Исекешев Ауғанстанға жан-жақты көмек көрсету жөніндегі бірлескен іс-қимылдар қажеттігін атап өтіп, бейбіт өмірге қол жеткізу үшін барлық формат бойынша жүргізілетін келіссөздер процесін жандандыруға Қазақстанның дайын екенін айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар тиісті Хаттамаға қол қойды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кезекті кездесуін Өзбекстан Республикасында өткізу жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар кездесу барысында Әсет Исекешев Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Патрушевпен, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М.Иманқұловпен, сондай-ақ, Пәкiстан Ислам Республикасы Премьер-Министрінің Ұлттық қауіпсіздік және стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі көмекшісі М.Юсуфпен келіссөздер жүргізді. Келіссөзде өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері қарастырылды.