• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2021

Алыпсатарлар бағаны қолдан өсіріп отыр. Ал жергілікті атқарушы органдар жайбарақаттық танытуда

299 рет
көрсетілді

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша шаралар, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің тұтынушыларға қолжетімділігін жеңілдету мәселелері Nur Otan партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жоспардан тыс отырысында талқыланды.

«Біздің мемлекеттік органдар елдегі инфляция 7,5%-ды құрайды дейді. Бірақ базарлар мен дүкендерге барсаңыз, мүлдем басқа көрініске куә боласыз. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 17-сінің бағасы айтарлықтай аспандап кетті. Атап айтсақ, сәбіз бен картоп – 69-73%-ға, күнбағыс майы – 19%-ға, пияз, қант, қарақұмық жармасы – 9-10%-ға, сүт, ұн - 2-3%-ға қым­­бат­тады», деп атап өтті Кеңес төр­ағас­ы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде алыпсатарлардың қызметін айтты.

«Бүгінде картоп егістікте 150 теңге, ал сауда орындарында 300-350 теңге тұрады. Яғни алыпсатарлар бағаны көтеріп отыр. Алайда сауда үстемесі сатып алу бағасының 15%-нан аспауы керек.  Бұл жерде жергілікті атқарушы ор­ган­дар жағдайды бақылауға алып, жұмыс істеуі керек, – деді А.Са­паров.

Сондай-ақ Кеңес төрағасы синоп­тиктердің болжамы бойынша қатты құр­ғақшылық болатын Ақмола, Ақтө­бе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек­тігіне назар аударды.

Өз кезегінде Айдарбек Сапаров Кеңес мүшелеріне бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақы­лауында екенін айтты.

Бағаны тұрақтандыру құралы ретінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаларды болжау тетігін енгізуді, жылыту және су тасқыны маусымына дайындық жасаған сияқ­ты, 2-3 ай бұрын жеміс-көкөніс өнім­дері тапшылығының алдын алу үшін дайындықты жүзеге асыруды, сондай-ақ әлеуметтік дү­кендер не қолданыстағы сауда желілерінде арнайы бөлімдер құруды ұсынды.

Кеңес мүшесі, «Талап» қол­дан­балы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев өнді­ру­шілерге өндіріс көлемін жос­пар­лауға мүмкіндік беретін инфляцияны болжау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Кеңес мүшелері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімді ұзақ мер­зімді сақтау инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірушілер мен желі клиент­терінің тікелей байланысы есебінен көліктік, логистикалық және сауда шығындарын азайтуға бағытталған көтерме-тарату орта­лықтары желісін құру жөніндегі жұмысты талқылады.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің деректері бойынша 2021 жылы 5 көтерме-тарату орталығының құрылысын бастау және жұмыс істеп тұрған 2 ор­талықты жаңғырту жос­парлануда.

Өз кезегінде, Аманжан Жама­лов 2020 жылғы есеп бойынша 413,8 млрд теңгеге жететін жоба­ның жоғары құнын атап өтті. Бас­тапқыда барлық 24 көтерме-тарату орталығын құру 237,5 млрд теңгеге бағаланды. Оның пікі­рін­ше, жобаның құны мен оны іске асырудың ұзақ мерзімі өнім ба­ғасының төмендеуіне, оның ішінде маусымдық бағаның ауысуына ке­пілдік бермейді.

Отырыс қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыным әзір­ленді. Олардың ішінде бағаның алып­сатарлық өсуіне қарсы күрес, жеке қосалқы шаруашылықтарды егіс алқаптарын ұлғайтуға ынталандыру, шекарада жедел режімде азық-түлікті жүк көлігімен тасымалдауды пысықтау, қолда бар қорларды өндіру және азық-түлік тауарларын тұтыну теңгерімін жасау сияқты шаралар бар.