• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2021

Тәуелсіздік жетістіктері талқыланды

10609 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», деген еді. Өткен уақытты сараласақ, Тәуелсіздіктің 30 жылында ел тарихында үлкенді-кішілі көптеген жұмыстар атқарылды: экономикамыз қарқынды дамып, әлеуметтік салаларда бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткіздік. Сонымен қатар мәдени-рухани өмірімізде де бірталай өзгеріс орын алды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстанның Тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» та­қырыбында өткен халықаралық онлайн ғылыми-практикалық конференцияда мәдени-рухани саладағы қол жеткен жетістіктер мен орын алған олқылықтар жан-жақты талқыланды.

Конференцияға Филология және көптілді білім беру инсти­тутының директоры, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Алуа Таңжарықова мо­дераторлық етті. Жиынды аш­қан университет ректоры Дар­хан Білялов күн тәртібіндегі мә­селенің өзектілігіне тоқталды.

Ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүйлейменов Тәуел­сіз­­діктің 30 жылы ел үшін үл­кен­ тарихи кезең бол­ғанын атап көр­сетті. «Бірақ бұған дейінгі тарихымыз Ресей империясының солақай саясатына байланысты бұрмаланып келді. Ал өзіміз­де ол замандарда жылнама­шы болмағандықтан, көп нәр­сені дәлелдей алмай қалдық. Сон­дықтан зор мүмкіндік туып­ тұр­ған қазіргі таңда тарихымызды түгендеуіміз керек», деді ақын. Сонымен қатар «Семей-Не­ва­­да» антиядролық қозға­лы­сы­ ар­­қылы Семей же­ріндегі ядро­­­лық сы­нақтар тоқ­та­тылып, поли­­гон­ның жабылуы да Тәуел­сіздік та­ри­хы­ның жарқын беттері екенін айтты. 

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров Олжас Сүлейменов­тің ойларын жалғастыра келе, ел тарихының әлі күнге жалтақ­тап отырғанына өкініш білдірді. «Өзі­міз істеген зор істерді өзі­міз айта алмасақ, кім айтады? Қазақ қазақ болғалы мың жылдан асты. Тарихы түзу елдің ең­сесі де биік болады», деді ұш­қыш.

Сондай-ақ Қазақстанның Румы­ниядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Нұрбах Рүстемов ел Тәуелсіздігі жылдарындағы Қа­зақстанның халықаралық қаты­настардағы табыстары тура­лы айтты. Ал М.Әуезов атын­дағы Әде­биет және өнер институ­ты­ның директоры, филология ғы­лым­­­дарының докторы Кенжехан Матыжанов отыз жылдағы қазақ әдебиетінің даму тендецияларына тоқталды.

Ауқымды іс-шараға Ұлт­тық ғылым академиясының пре­зи­­денті, академик Мұрат Жұ­ры­нов, Қ.Тыныстанов атын­да­ғы Ыстықкөл мемлекеттік уни­­вер­ситетінің ректоры Асқар Иман­­баев, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының арнайы жобалар қызметінің басшысы Ерсұлтан Бектұрғанов, Моң­ғолия-Қазақстан достығы жә­не ынтымақтастық одағы­ның төрағасы Бәкей Ағыпар­ұлы, Корея Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Қа­зақстандағы елшілігі жа­­нын­дағы Білім беру ор­та­лы­ғы­ның директоры Ким Тэх­ван, Еуразия экономикалық ко­мис­­сиясының Энергетика және инфра­құрылым жөніндегі алқа мүшесі Тайыр Мансұров, Ха­лықаралық «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті ұйы­­мының бас хатшысы Дүй­сен Қасейінов қатысып, Тәуел­сіз­діктің 30 жылы елдің мәдени-рухани дамуының айтулы кезеңі болғанын атап өтті.