Елордада бұқаралық ақпарат құралдары арасында шағын футболдан республикалық жарыс өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында 27 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлдың құрметіне арналған шағын футболдан республикалық турнир басталады.
«Атаулы турнир алғаш жалауын көтерген 1994 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылатын және БАҚ өкілдері тағатсыздана күтетін доп додасына айналған еді. Алайда, былтыр елде орын алған өте қиын эпидемиологиялық ахуалға байланысты оны өткізу мүмкін болмады.
Спортты жанына серік еткен журналистер қауымы асыға күткен аяқ доп жарысын биыл қайта жалғап отырмыз. Бұндай іс-шаралар отандық ақпарат саласының дамуына үлес қосқан белгілі есімдерді еске алумен қатар, қоғамға салауатты өмір салтын насихаттаудың да айқын үлгісі.
Спорт – жан мен тәннің саулығы, денсаулықтың кепілі!
Турнирге қатысушы барша командаға нәтижелі де тартысты ойын, жүлделі де жарқын жеңіс тілеймін!», деп жазды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook парақшасында.