• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Маусым, 2021

«Сергектің» көзіне түспеу үшін, ережені бұзбау керек

8208 рет
көрсетілді

2019 жылдың шілдесінен бастап Өскеменде облыс әкімдігі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» базасында «Сергек» орталығы жұмыс істей бастаған.

Жол қозғалысын жан-жақтан бақылап тұратын бейнекамералар орнатылғаннан бері халықтың көкейінде көп сұрақ жүр. Соған орай Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еркін Ануарбекұлымен әңгімелескен едік.

– «Сергек» камералары орнатылмас бұрын жүргізушілер арасында сан түрлі пікірлер айтылды. Басым көпшілігінің қарсы пікірде болғаны да шындық. Жыл өтпей жатып, көбі үйренісіп кетті. Керісінше пайдасы бар сияқты.

– Ең біріншіден, бейнебақылау жүйесі қала көшелерінде құқық бұзушылықтың алдын алуға көп септігін тигізіп жатыр. Егер, қандай да тәртіп бұзылса, бейнекамералардағы жазбалар тергеу амалдарын жүргізуді неғұрлым жеңілдетеді. Жалпы жол қозғалысын бақылауға арналған 1228 камера жұмыс істеп тұр. Ол құрылғылар мемлекеттік тіркеу белгілерін тану, жылдамдықты арттырғандарды бейне және фотоға түсіру мүмкіндіктері бар.

– Иә, құқық бұзушылықтың алдын алып жатыр. Көпшіліктің білгісі келетіні, «Сергек» қанша қашықтықтан түсіреді?

– Жыл басынан бері 19 маусымға дейінгі аралықта 53 780 бұзушылық тіркелді. Олардың 30 163 айыппұл төледі. Нұсқауларды жеткізу гибридті пошта арқылы және 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы жүзеге асырылады. Ал көпшіліктің сұрағына жауап берер болсам, жылдамдықты белгілеу кезінде қателік сағатына 4 км құрайды. Құқық бұзушылықтарды 20 метрден 100 метрге дейінгі аралықтарда тіркей береді.

– «Сергек» камераларына түсіп қалып,айыппұлды бұрынғыдай 7 күн ішінде төлесе, жеңілдік бар ма?

– Иә, ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабына сәйкес, егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен тіркелген болса, тұлға айыппұл төлеу туралы нұсқама жеткізілген кезден бастап 7 тәулік ішінде көрсетілген соманың 50% мөлшерінде төлеуге құқылы.

– Кейбір жағдайда жүргізушілер дәл камераның алдында тұтас сызықты кесуге, асып кетуге мәжбүр болады. Мәселен, жедел жәрдем келе жатса...

– Егер көлік құралын басқару кезінде амалсыздан тұтас сызықты кесіп өтсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ, Өскемендегі Қабанбай батыр көшесі, 152 мекенжайындағы Полиция бөліміне барып, өтініш беруіңіз керек. Өзіңіз айтқандай, жедел жәрдемді өткізсеңіз немесе жол жұмыстарын жөндеу кезінде ереже бұзылса, айтқанымдай өтініш берген жөн.

Егер сіз көлік құралының иесі бола тұрып,міндетті сақтандыру шартына сәйкес көлігіңізді басқа тұлға басқарып келе жатып, ереже бұзса, сізді әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін Қазақстан көшесі, 59/1 мекенжайындағы «Сергек» АБК-ге жүгіну қажет. Әлбетте, ереже бұзған азамат куәлігін алып, бірге баруы керек.  

– Осы камералардың көмегімен ашылған қылмыстар көп пе?

– Жыл басынан бейнебақылау инспекторлары Өскеменде «Сергек» арқылы 62 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды. Оның ішінде алаяқтық, тонау, бұзақылық, ұрлық, тіпті адам өлтіру де бар.

– Мұндай камералар Семей қаласында да орнатылады деген сөз шыққан еді...

– Иә, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен Семейдегі қырық шақты жол қиылысында, және 74 желілік учаскелерде «Сергек» камераларын орнату жоспарланған.

– Осы «Сергектің» көзіне түспеу үшін жүргізушілер түрлі амал жасап жатады. Көмегі бар ма?

​– Ең дұрысы, жүргізуші мәдениетін сақтап, ережені бұзбай жүру ғой. Ол дегеніміз – сіздің, жолаушылардың қауіпсіздігі. Осыны түсінсе екендеймін.

–Ақпараты мол сұхбатыңызға рақмет!