Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында екі күнге созылған доп додасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері күні қарсаңындағы турнирді Шығыс Қазақстандағы Журналистер Одағы филиалы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Жолдастық кездесу болғанымен, шын мықты команда жеңіске жетуі заңдылық. Дайындықпен келген командалар бірден көзге түсіп, ширек финалға өтті.
– Бұл жердегі біздің басты мақсатымыз – Шығыстағы журналистердің ынтымағы мен бірлігін арттыру еді. Тартысты өткен жарысқа демеушілік көрсеткен «Казцинк», «Казминералс», «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басшылығына алғыс білдіреміз, – деді Журналистер Одағы филиалының директоры Азамат Қасым.
Карантиндік шараларға байланысты көптен бері бастары қосылмаған әріптестер спорттық шарада кездесіп, бір серпіліп қалды.
– Семейден екі топ келіп, волейболда, футболда бақ сынап көрдік. Командамыздың аты «Алаш». Жарыс жақсы өтті. Жалғасын тауып, дәстүрге айналса екен дейміз, – деп тілегін білдірді «Qazaqstan» Ұлттық Телеарнасының Семейдегі тілшісі Ержан Жақып.
Жарыс нәтижесіне келер болсақ, волейболдан 1 орынды «Алтай» телеарнасының ойыншылары қанжығаға басты. 2 орын «Менің өлкем» газетінің журналистеріне бұйырды. Ал 3 орынды Семейден келген «Алаш» командасы қанағат тұтты.
Футболда бақ сынаған командалар да оңайшылықпен беріспеді. Олардың ішінде 1 орынның тұғырынан «Шығыс Ақпарат» көрініп, 100 мың теңге мен бағалы сыйлықтарға ие болды. 2 орынды «Алтай»телеарнасының ойыншылары алса, 3 орынға «Көкпекті» командасы табан тіреді. Ал жүлделі орынға ілінбеген команда ойыншыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.