Сөзді өнер алдына балап, дертке теңеген дана халқымыз ежелден лепестің кепиеті мен киесіне сенген. Ақындардың сөзі қара дауыл жел болған, абыздардың сөзі еліне ем болған.
Сөзді семсер еткен арғы Абай мен Махамбеттер, бергі Алаш арыстары ақиқатты айтудан тайсалмаған, халқының қамын жеп, мұңын жыр еткен. Сондықтан Алаштың ар-намысына айналған Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақастар шоғыры қаламын қару еткен бекзада буын еді. Қаймана қазақ қауырсын қалам қолына алған қаламгеріне қарулы қайраткердей жауапкершілік жүктеп, үмітпен қарайтыны сол дәстүрге иек артып, тиек салғандығынан болса керек.
Одан бері кеңестік солақай саясаттың сойқанын көрген Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобы мұқалмас құрыш қаламымен кешегінің кегін жоқтап, ебін тауып, өткенге кеткен есені толтырған марғасқалар еді. Қазақ журналистері қызыл цензураның қақпанына ілікпей, жетер жеріне жеткізіп жазды. Бертінгі кезеңде Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сағат Әшімбаев, Нұрмахан Оразбеков бастаған буын да серпінімен сеңді бұзып, ұлт рухын оятып, азаттықтың арайлы таңы ататынын жұртына астарлап сездірген, тәуелсіздік келгенде егемен елінің іргетасын бекемдеп, көлікті көшінің түзелуіне қызмет еткен келісті көсемсөз шеберлері еді. Жампоз журналистер тәуелсіздік тұсында да ұлттық сананың орнығуына, елдік мүдденің үстем болуына аянбай тер төгіп, өзіндік үлес қосты, қосып та келеді. Шығармашылықтың оқшау аралында оңаша отырып қалмай, мемлекеттік қызметке білек сыбанып араласқан сөз зергерлері де аз емес.
Қалың оқырман қашанда қаламгер мен журналистке ақиқаттың арашашысы, шындықтың шырақшысы деп құрмет көрсетті, бәтуалы сөзінен ғибрат түйді. Тұғырлы тұлғалар ақиқаттың алдаспаны ретінде елге сыйлы болды. Тарпаң мінез тарландардың тағдыры ұлтының рухани өмірімен тұтасып өріліп жатты. Халықтың мінезі дауылдай, сөзі мірдің оғындай, басқаға бағынбайтын, жұртқа жағынбайтын Баукеңдей алыптарды қазір де іздейтіні сондықтан болса керек.
Ел арасында сөздің кепиеті, қаламның қасиеті қаша ма деп алаңдайтын аға буынның назы еміс-еміс естіліп қалады. Ол – негізсіз де емес. Қазір қайраткер-қаламгер, «желімен» жарысып жазатын журналист болу оңай емес. Жаһандану заманының ақпараттық ағыны халқымыздың қасиет-құндылықтарын құнсыздандырып, сеніміне селкеу түсіріп, арналы дәстүріміздің арқауын сетінете бастағаны шындық. Цифрлы жүйе «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызғанымен», кеңістікті жақындатқанымен, жанындағы адамды өзіңнен оқшаулап, алшақ ететін дүлей құбылыс. Ақпараттық технологияның жойқын толқынымен бетпе-бет қалған қорғансыз жастардың әлеуметтік желінің ішінде виртуальды өмір сүре бастағаны да ойландырмай қоймайды. Қолына смартфон ұстаған кез келген жанның талғамы төмен, дерек, дәйегі негізсіз, дабыра-дабылы жойқын жалған ақпарат таратып, жұртты шатастырып, жала жауып, арзан атақ жинайтын даңғаза-даңғойлық та үдеп барады. Желі кейде желөкпенің сөзіне, желіктің көзіне көрік басады. Мұндайда қым-қуыт ақпарат майданында майдан қыл суырғандай сенімді деректі жедел ұсыну оңай шаруа емес. Сондықтан журналистке қажет білім-білікпен бірге артылар жауапкершілік жүгі де ауырлай түсті.
Желбуаз сөзден жалыққан, хайп емес, байып керектігін түсінген жұрт сенімді деректі қажет етеді. Хайп қуатындар түрлі алып-қашпа қауесет таратып, індетпен бірге елге іріткі салса, халыққа қажетті мәліметті шұғыл ұсына білген журналистер күн-түн демей еселі еңбек етіп жүр. Дәрігер халықтың тәнін емдесе, қаламгер жанын емдейтіні, ал жаны жалған ақпараттың тұтқынына түскен қауымға ем қонуы екіталай болатынын пандемия кезіндегі инфодемия дәлелдеп берді. Осы кезеңде оқырманға журналистердің қырағы зерттеуі мен ақпараттық талдауы, әділ сыны мен терең сараптамасы, сүйекті сұхбаты мен салиқалы сөзі қоғамдық сұранысқа әрдайым қажет екенін аңғартқандай.
Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып отырған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары халықтың шынайы үніне айналуы керек. Сонда қалам ұстаған қауым мен жампоз журналистер билік пен халықтың арасына алтын арқау бола біледі. Қалай болғанда да, қай заманда да қалам ұстаған қауымның құбыласы шындық болуы тиіс. Публицистика – парасатқа негізделуі керек. Елдің сөзін сөйлемеген, көпшіліктің көкейіндегісін айтпаған, оқырманның ойындағысын таппаған сөзден серт, қаламнан қуат кетеді. Ақиқатын айтпаған, әділеттен аттаған жерде сенімге де селкеу түседі. Ал сенім болмаған жерде БАҚ-тың басынан бақ таятыны белгілі. Сондықтан құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда құбыламыздан жаңылмайық, қаламдас...
Мереке құтты болсын!