Кәрі құрлықтың 11 елінде өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі матчтар басталды. 1/8 финал кездесулерінің шымылдығын А тобында екінші орын алған Уэльс пен В тобында дәл сондай нәтиже көрсеткен Дания және А тобының үздігі Италия мен С тобында екінші орынға табан тіреген Аустрия құрамалары ашып берді.
«Йохан Кройфф Аренада» (Амстердам) өткен Дания – Уэльс арасындағы алғашқы ширек финал кездесуінде даниялық футболшылар қарсыластарының қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, қатарынан екінші кездесуде ірі есеппен жеңіске жетті. Матч бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алған даниялықтар кездесудің 27-минутында есепті ашты. Миккель Дамсгардтан тамаша пас алған Каспер Дольберг қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, құрамасын алға шығарды. Уэльс футболшылары гол ойыннан тыс жағдайда соғылды деп төрешіні күмәндандырып қойған соң германиялық бас қазы ВАР көмегіне жүгініп, бейне қайталауды көргеннен кейін гол ойын жағдайында соғылғанына көз жеткізді. Сөйтіп Данияның басымдығымен өткен алғашқы тайм 0:1 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін де қарсыластарына қарағанда белсенді болған Дания 47-минутта есепті еселей түсті. Бұл жолы да Каспер Дольберг мергендігімен көзге түскен болатын және төреші Дольбергтің екінші голына да күмәнмен қарап, тағы да бейне қайталауға жүгінуге мәжбүр болды. ВАР-тың көмегінен кейін төреші гол ойын жағдайында соғылды деген шешім шығарды. Есеп – 0:2. Қақпасына екі гол өткізіп алған соң Гарет Бэйл бастаған Уэльс құрамасы есеп айырмасын қысқартуға қанша тырысқанымен, даниялықтар оған мүмкіндік бермеді. Матчтың аяқталуына 2 минут қалғанда Йоаким Мехле есепті 0:3-ке жеткізсе, екінші таймға қосылған қосымша минутта шабуылшы Мартин Брэйтуэит Данияның төртінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды. Матчтың 90-минутында Уэльс ойыншысы Харри Уилсон қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.Осылайша, 2016 жылғы Еуропа чемпионатында үшінші орын алған Уэльс биылғы біріншілікті плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды. Ал ширек финалға жолдама алған Дания енді ¼ финалда Нидерланд – Чехия жұбының жеңімпазымен кездеседі.Плей-офф кезеңінің екінші кездесуінде Италия мен Аустрия құрамалары ширек финалдың жолдамасын сарапқа салды. Тең дәрежеде өткен ойында қарсыластар 90 минут бойы бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмағандықтан, жеңімпаз құраманың есімі қосымша таймда анықталды. 95-минутта Италия сапынан Федерико Кьеза кездесудің есебін ашса, арада 10 минут өткенде Маттео Пессина құрамасының екінші голын соғып, «Скуадра Адзурраны» ширек финалға алып шықты. Матчтың 144-минутында Саша Каладжич есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алғанымен, бұл гол Аустрияның келесі кезеңге шығуына аздық етті. Аустрия құрамасының ойын тағдырын негізгі уақытта шешіп тастап, ширек финалға шығатындай тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда Еуропа чемпионатында биылдан бастап қолданысқа енген ВАР жүйесі оған мүмкіндік бермеді. Екінші таймның 65-минутында Марко Арнаутович Италия қорғаушыларын қапы қалдырып, мергендік танытқан еді. Бірақ төреші бейне қайталаудан кейін гол ойыннан тыс жағдайда соғылды деп, Арнаутовичтің голын есепке алмай қойды.2008 және 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топтық кезеңнен әріге аса алмаған Аустрия өз тарихында тұңғыш рет кәрі құрлықтың плей-офф кезеңіне шығып, Еуропа біріншілігіндегі үздік нәтижесіне қол жеткізді. Ал Италия құрамасы әдеттегідей кезекті рет турнирдің ширек финалына жолдама алып отыр. Сонымен қатар «Скуадра Адзурра» футболшылары жеңіліссіз сериясын 31 ойынға жеткізіп, 80 жылдың рекордын жаңалады. Италиялық футболшылар 1930 жылы қатарынан 30 матчта қарсыластарынан басым түскен болатын. Енді Италия құрамасы ширек финалда Бельгия – Португалия жұбының жеңімпазымен кездеседі.