• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2021

Әккі ұрыларды әшкерелеген

511 рет
көрсетілді

...Жедел желіге «пәтер тоналды» деген хабар келіп түскен. Ұрылардың әккілігі сондай, тырнақтай із қалдырмайды. Есікті де еппен ашып, жасырылған алтын бұйымдарды, ақшаны оп-оңай тауып алып кете береді. Бұл 2011 жыл-тұғын.

Руслан Өмірбекұлының қала­лық полиция бөліміне қыз­метке енді орналасып жатқан уақы­ты. Жас маманға алғаш беріл­ген тапсырмалардың бірі – қулық­тарына құрық бойламайтын сол ұрыларды қолға түсіру еді.  

Министрліктің бұйрығымен ұрыларды ұстау тобы құрылып, құрамына Руслан Өмірбекұлы бастаған жедел уәкілдер, із кесу­ші және криминалист маман бекітіліп берілді.

Ол әу бастан жедел уәкіл қыз­метіне орналасқан. Жұмыс оңай емес, жас маман үшін тәжіри­бе жинақтауға нағыз орта осы еді. Дегенмен білімді полицейге біліктілігін арттыру аса қиынға түспеуі керек. Катонқарағай ауданындағы аядай ғана Қабырға ауылында туып-өсіп, Ресейдің Волгоград қаласына барып, оқу­ға түскен Русланның білімге деген құлшынысы жоғары еді. Ол оқумен қатар спортты да бірге алып жүрді. Мектеп жасынан еркін күреспен айна­лысты. Ке­йін қоян-қолтық ұрыстан ака­де­мияның құрамасында өнер көрсетті.

– Берілген әр тапсырмаға жауап­кершілікпен қарауымыз керек. Өйткені бұл жерде біреу­дің тағдыры, енді біреудің бізге деген сенімі бар. Ұрыларды ұс­тау үшін де бар күшімізді сал­дық. Топтағы мамандар да білік­ті азаматтар. Бірақ тонау кәсіби деңгейде жүзеге асып жатқаны оқиға орындарында көрініп тұратын, – деп алғаш қызметке кіріскен жылдарын еске алды майор Р.Өмірбекұлы.

Ол жылдары қазіргідей емес, пәтер тонау өршіп тұрды. Ұры­лар да біледі, кез келгеннің үйі­не түспейді. Ауқатты, бай-бағ­лан­дардың пәтерін көздеген. Ап­талап үй иелерін аңдып, үйде қай уақытта болмайтындарын зерттеген. Байдың үйі екенін қайдан білген дейсіз ғой. 2011 жылдары екінің бірі үйіне кондиционер орнатпайтын. Қымбат көлікті де әркім міне бермейтін. Яғни терезе түбіндегі кондиционер құрылғыларына, пластикті терезелерге назар аударған. Пәтер­ге енгенде де бес-он минут ғана айна­лады екен. Саусақ іздерін де қалдырмауға тырысқан. Бірі есік ашса, енді бірі сыртта қауіп­­сіздікті бақылап тұрған... Десе ­де, бір қателік кетуі керек еді: ұры­­лар кіреберістің есігін­де­гі маг­нит­ке сағыз жапсырып кетіп жүр­ген. Есік кілтсіз ашы­луы үшін. Оны әр детальға мән беріп жүре­тін жедел уәкіл Рус­лан Өмірбек­ұлы байқаған. Ке­­йін көшедегі бейнекамералар ар­қылы күдікті­лер қолға түс­кенде генетикалық ­сараптама жа­са­тып, тонау фактісіне дәлел тапқан.  

– Пәтер тонаушылар тобы­ның алты-жеті мүшесін ұстадық. Сонда 51 эпизод анықталды. Оның 19-ы – ауыр қылмыс. Ауыр деп отырғаным, құны 500 АЕК-тен асатын алтын бұйымдар, ақша, бағалы заттар тоналған. Бағалы зат болғанда да ұсақ-түйек емес, құндыз ішіктерді қолды қылып жүрген, – дейді Руслан Өмірбекұлы.  

Осы тектес үлкен қылмыс­тарды ашуға үлесін қосып жүрген жас маманның қызметі сатылап өсе берген. Еңбегі еленіп, Елбасының қолынан Алғыс хат та алды. Республиканың үздік жедел уәкілі атағын және алған. Тізе берсек, жеткен жетістіктері, марапаттары өте көп. Қызметін кіші жедел уәкілдіктен бастаған Руслан Өмірбекұлы – бүгінде Ертіс полиция бөлімінің басшысы. Жас та болса бас болып жүрген полицей қызметті енді бастаған мамандарға бағыт-бағ­дар беріп, көрген-білгенін үйретіп жүр. Ең қуанарлығы, қа­зіргі таңда ұры атаулы анағұр­лым азайған.   

 

Өскемен