Қазақстандықтар жаңа көліктерді белсенді түрде сатып ала бастаған. Арнайы ресми деректер осыны растайды. Статистикаға сүйенер болсақ, мамыр айында сатылған жаңа автокөліктер саны осымен екінші ай қатарынан 10 мың бірліктен асып түскен.
Қазақстан Автобизнес қауымдастығының дерегі бойынша отандық диллерлер мамыр айында 9 402 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатқан. Сонымен қатар 695 жүк көлігі, арнайы техникалар және автобустар сатылған. Бұл 2020 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 39,2 пайызға көп екен. Жалпы, жыл басынан бері ел тұрғындары 44 369 жаңа автокөлік, автобус және жүк көліктерін тақымға басқан. Бұлардың жиынтық өсімі былтырмен салыстырар болсақ 68,8 пайызға жоғары. Қауымдастық сарапшыларының айтуынша, қатаң локдаун мен карантин шектеулерінің болмауы автокөлік сатылымына серпін беріп отыр. Алайда жаздың соңғы айларында жағдай басқаша, яғни сатылым деңгейі төмендеуі де ықтимал. Өткен айда ең көп сатылған көліктердің ондығына қандай маркалар кіреді? Бірінші орында – Chevrolet. Мамыр айында бұл марканың 2 791 бірлік сатылса, Hyundai-дың 1 644 бірлігі тұтынушылар қолына жеткен. Үштікті 1 398 дана сатылыммен Toyota түйіндейді. Одан кейінгі орында Kia (1030 дана) мен Lada (702 дана) тұр. Сонымен бірге Volkswagen (465), Renault (310), Nissan (274) және Lexus (149) маркаларына қызығушылық танытушылар да артып келеді. Ондықты 135 дана сатылыммен қытайлық JAC маркасы қорытындылап тұр. Қауымдастық мамыр айында қазақстандықтардың ықыласына ерекше бөленген көлік модельдері туралы да ақпараттарды жария еткен. Оған сүйенсек, алғашқы үштікте Chevrolet Nexia (1522), Chevrolet Cobalt (1015) және Hyundai Accent (747) бар. Бұл көліктердің жеңілдетілген және қарапайым несиелеу бағдарламалары арқылы берілуі де көлік сатылымын арттыра түсуге септігін тигізгені анық. Ең көп саудаға шығарылған модельдер ондығында Kia Rio (617), Toyota Camry (584), Toyota RAV4 (425), Volkswagen Polo (362), Hyundai Santa Fe (304), Hyundai Creta (295), Lada Largus та (285) бар. Жақын уақытта елімізде тағы бір модель танымалдылыққа ие болуы мүмкін. Биыл 25 мамырдан бастап елімізде жаңа Chevrolet Equinox кроссоверінің сатылымы басталды. Жаңа модель Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПромда» құрастырылмақ. Chevrolet Equinox отандық нарықта үш түспен – ақ, қара және сұр түсте ұсынылмақ. Бағасы – 13 млн 490 мың теңге. Жоғарыдағы рейтингтің өзі айтып тұрғандай соңғы жылдары ел арасында Chevrolet маркасының танымалдылығы еселеп артты. Осы күнге дейін Chevrolet пен Ravon-ның 19 045 данасы құрастырылған. Соңғы бес жылда жалпы сомасы 140 млрд теңгеге 27 мың автокөлік жеңілдетілген несие арқылы сатылыпты.