Қызылқоға ауданында Тайсойған деп аталатын ауыл бар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мұнда ауылдық округ құрылды. Қазір ауылдағы 134 отбасыда 877 тұрғын бар. Сондай-ақ 4 кәсіпкерлік нысан мен 47 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Бұл ауылдың өзге елді мекендерден айырмашылығы жоқ. Бірақ өзгелерге үлгі етуге болатындай жөні бар. Өйткені ауыл тұрғындарының айтуынша, учаскелік полиция инспекторлығына полиция капитаны Ғаламат Алданбаев тағайындалғалы бірде-бір бұзақылық орын алмаған. Өзге де қылмыс тіркелмеген. – Ауылымыз шағын, тұрғындар бірін-бірі жақсы біледі. Мұнда әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылар жоқ. Тіпті отбасылық кикілжің де болған емес. Былтыр ауылымызға қызметке келген учаскелік полицей тұрғындармен тіл табыса алады. Әр үйді күнделікті аралайды. Тұрғындардың жағдайын біліп тұрады. Қазір ауылымызда бұзақылық сап тыйылды, – дейді Тайсойған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Түзенбай Өрбісінов. Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ғаламат Алданбаев Тайсойғанда былтырдан бері қызмет атқарады. Ол 2015 жылы Қызылқоға аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып жұмысқа қабылданыпты. Содан бері алыс аудандағы қоғамдық тәртіптің сақшысы ретінде тәжірибе жинады. Тайсойғанға келгенге дейінгі қызметін Тасшағыл ауылында атқарған. – Тайсойған ауылында жағдай тұрақты. Қылмыстық оқиғалар тіркелген жоқ. Бұл ауылда бұрын сотталғандар, не полицияның профилактикалық бақылау есебіне алынған адамдар тұрмайды. Ауыл тұрғындарымен кері байланыс орнату үшін WhatsApp желісінде арнайы чат аштым. Сол арқылы тұрғындармен үнемі байланыс жасаймын. Міндетім – құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, алдын алу. Осы мақсат үшін қызмет ете беремін, – дейді полиция капитаны Ғ.Алданбаев.Ауыл тұрғындарының бірі Шалқарбай Ізбасаровтың айтуынша, Тайсойған – әуелден ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем, тыныштықты ту еткен берекелі мекен. Соның нәтижесінде тұрғындары тату, ал ауыл іші күндіз де, түнде де тыныш. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Полиция халыққа жақын, ашық болуы керек» деп қадап айтты. Әсіресе, учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Осы орайда Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылдық округіндегі учаскелік бекеттің жұмысын өзге аудандар мен әкімшілік аумақтарға үлгі етуді көздеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – халықтың полицияға сенімін арттыру. Өйткені полиция қызметкерлерінің жұмысына бағаны тұрғындар береді, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Атырау облысы